100%200%
Жамбыл ауданы әкімі аппаратының
ақпараттық порталы

    ЖАҒЫМДЫ ЖАҢАЛЫҚ АҚБҰЛЫМДА — ЖАҢА БӨБЕКЖАЙ

    Арқаның төріндегі сылдырап аққан ерке Есілдің жағалауына орналасқан айбынды Астанамыз 20 жасқа толды. Осы айтулы мереке қарсаңында ел игілігі үшін елімізде талай тірліктер тиянағын тауып, жүздеген нысандар пайдалануға беріле бастады. Әрине, бұл Отанымыздың жүрегіне айналған Астананың төл мерекесіне тарту екені даусыз.

    Осындай игі іс бірлігі жарасқан Ақбұлым ауылында да жалғасын тауып, өткен сәрсенбі күні «Зерде» бөбекжайы бүлдіршіндерге есігін айқара ашты.

    Ауыл халқы аса қуанышты еді. Өйткені, мұнда балалар бақшасы болмаған.

    – Бүгін Ақбұлым ауылында таңымыз арайлана атты. Байқасаңыздар, қос қабатты бөбекжай Жібек жолы бойынан қоныс теуіп, әр адамның жүрегіне нұр сәулесін құйып, көпшілікті қуантып отыр. Ауыл тұрғындары жеке кәсіпкер Бағдагүл Әбдиеваға дән риза, – деді бөбекжайдың ашылу рәсімі алдында ауылдық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жамбыл Бесбаев.

    Қуанышты сәт те жетіп, бөбекжайдың ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Бақыт Қазанбасов:

    – Сіздерді бүгінгі 50 балаға арналған «Зерде» бөбекжайының ашылуымен құттықтаймын! Жеке қаржы есебінен 18 млн теңгеге ел игілігі үшін бөбекжай тұрғызып, 15 адамды жұмыспен қамтып отырған жерлесіміз, жеке кәсіпкер Бағдагүл Ниетқызына ауыл, аудан тұрғындары атынан алғыс білдіремін. «Зерде» бөбекжайынан болашақта зерек балалар қанат қағып ұшатынына сенемін, – деді. Осындай тілекті облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Сембек Сейдәзімов те білдірген.

    Жылы лебізден кейін сөз сөйлеген азаматтар кермені қиды. Сәулелі сәтте әжелер шашу шашып, бөбекжай маңындағы балалар мен жиналған қауым қуаныш құшағына енген.

    Біз аудан әкімдігі білім бөлімінің бас­шысы Раушан Қожамжарованы сөзге тартқа­­нымызда, ол: – Бөбек­жай құры­лысын өз қаражаты есебінен жүр­гіз­ген жеке кәсіпкер Бағдагүл Ниетқызына рахмет айтқым келеді. Ол осы бөбекжайдың меңге­рушісі де.

    Негізі, бұл ауылда балабақша кезегінде 150 бала тұр. Бүгін соның 50-і қамтылып отыр.

    Аудан бойынша 16 мемлекеттік балабақша (бөбекжай), 20 шағын орталық және жекенің иелігіндегі 2 бөбекжайдың барын ескерсек, Ақбұлым ауылындағы бұл мемлекет пен жеке меншіктің серіктестігі қағидасымен салынған 3-ші бөбекжай. Бөбекжай мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы аясында пайдалануға берілді. Жергілікті бюджеттен бір балаға 19300 теңге бөлінді. Есептей беріңіз, 50 балаға қанша теңге бөлінгенін. Әр бала үшін ата-ана ай сайын 5-6 мың төңірегінде ақы төлейді.

    Бөбекжайда 2 топ, яғни мектепке даярлық «Көгершін» атты топта 25 бала тәрбиеленетін болса, «Балапан» тобында 25 бала тәрбиеленеді. Негізі, бөбекжайға 2 жас пен 5 жас аралығындағы балғындар қабылданған, – деді.

    Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Гродеково ауылында «Нұр Мерей» бөбекжайы ашылса, Астана күні мерекесіне тартудай болып көрінген Ақбұлым ауылындағы «Зерде» бөбекжайы екінші бөбекжай екенін ескерсек, аудан аумағында жыл аяғына дейін тағы екі бөбекжай балаларға есігін айқара ашпақ.

    © 2015 Информационный портал аппарата акима Жамбылского района