100%200%
Жамбыл ауданы әкімі аппаратының
ақпараттық порталы

    «ЛАТЫН ГРАФИКАСЫНА КӨШУ — ҚҰТТЫ ҚАДАМ» ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ СЕМИНАР-КЕҢЕС

    Бүгінде жаңғыру, жаңару дәуірін бастан өткерудеміз. Тәуелсіздігіміздің алғашқы тұсында «алдымен экономика, сонан соң саясат» ұстанымын ұстансақ, қазір рухани тұрғыдан кемелденіп, тың бастамаларға қадам жасай бастадық.

    Мемлекет басшысы «Латын графикасына көшу – заман талабы, оны іс жүзіне асыратын мезгіл жетті» деп қадап айтқан болатын. Соның нәтижесінде 2025 жылдан бастап Қазақстан халқы жаңа жазу үлгісін қолданатын болды. Бұл, сөз жоқ, тәуелсіздіктің жемісі.

    Алаш ардақтылары кезінде осынау әліпбидің ұлттық жобасын қазақы дыбыстарға ыңғайластыра отырып жасағаны, қолданыста болғаны ел есінде. Енді, міне, өшкеніміз жанып, қайта түлеп, әліпбиіміз ортамызға келе жатыр. Келе жатқаны сол, еліміздің үлкен-кішісі әлемдік кеңістікке адастырмай апаратын даңғыл жолға түсіп, әліпбиімізді үйренуге құштарлық танытуда.

    Қолданысқа енетін 2025 жыл әне-міне дегенше келіп қалатыны анық. «Оған біз даярмыз ба? Әліпбидің жаңа нұсқасын үйреніп жүрміз бе?» деген сан түрлі сауал күнделікті алдымыздан шығып жүр.

    Әрине, үйреніп те, үйретіп те жүрміз. Оған аудандық Мәдениет үйінде аудан әкімінің орынбасары Үміткен Найманованың бастамасымен ұйымдастырылған семинар-кеңес айғақ болғандай.

    Семинар-кеңеске қатысып, латын әліпбиі туралы өз ойын ортаға салған облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова мен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің оқытушысы Балмира Мұратбаева бұл жайында кеңінен түсіндіріп берді.

    Слайд арқылы латын графикасының жазылу тәртібі, қолданылу тәсілі көрсетіліп, 2019-2021 жылдар аралығында мемлекеттік қызметкерлер, 2019-2025 жылдар аралығында мұғалімдер үзбей даярлықтан өтетіні нақты айтылды.

    Семинар-кеңес барысында ТарМУ оқытушысы залда отырған жастарға латын әліпбиінің жазылу және оқылу тәсілі туралы жазбаша сауалнама беріп, семинар соңында жауабын тыңдады. Жауап беруге шыққан аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Бақытжан Құтжан қазірдің өзінде латын әліпбиін меңгергенін аңғартты. Өзге жауап берушілер де жаңа әліпбиді үйренуге құштар екендігін байқатты.

    Семинар соңында Үміткен Қапанқызы келген қонақтарға әсерлі әңгімелері үшін рахмет айтты.

    © 2015 Информационный портал аппарата акима Жамбылского района