100%200%
Жамбыл ауданы әкімі аппаратының
ақпараттық порталы

    ҚАБЫЛДАУДА – ОҚУ ҮЗДІКТЕРІ

    Бұл – 11 жыл бойы алған білім мен төккен тердің ақталған күні. Қаншама жүректің лүпіл қағып толқыған сәті. Жанарларынан қуа­ныштың мөлдір тамшысы сырғыған талай жастың көңілінде үміт пен күдік астасып жатыр. Талаптың тұлпарын мініп, тас қияға өрлегісі келген түлектер алдарына қойған алғашқы мақсаттарына қол жеткізді. Үлкен өмірге апарар жолдағы бірінші баспалдақтан сүрінбей өтті.

    Жұма күні аудан әкімінің орынбасары Жалғас Мұртаза жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» иегерлерін қабылдады. Салтанатты шараға аудан әкімі аппаратының басшысы Жомарт Телеуов , аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова және «Нұр Отан» партиясы Жамбыл аудандық фи­лиалы төрағасының бірінші орын­ба­сары Нұрлан Несіпбеков қатысты.

    – Бүгінгі күн – сіздер үшін ұмытылмас күн. Ата-ана мен ұстаздардың үмітін ақтап, жаңа өмірге қадам басқалы тұрсыздар. Биылғы оқу жылында аудан бойынша 638 түлек мектеп бітірсе, оның 632-і қорытынды аттестаттауға қатысты. Сынақ қорытындысы бойынша 10 түлек «Алтын белгі» және 7 түлек «Үздік аттестат» иегері атанды. Бұл ауданымыз үшін зор мақтаныш. Елімізде сапалы білім беру үшін жасалған осы еңбектің қайтарымы – сіздердің білім шыңындағы жоғары деңгейдегі жетістіктеріңіз. Қай кезде болмасын, терең білім алу жолында талмай, жалықпай ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болыңыздар. Барлығыңызға сәтті сапар, құтты қадам тілеймін. Аудан жұртшылығы атынан жоғары білімді, білікті маман болып, болашақта туған еліміздің өркендеуіне үлкен үлес қосады деп сенім білдіремін, – деген Жалғас Алижанұлы «Болашақ» деп аталатын алып кемеге мініп, үлкен өмірге жолдама алған үздік түлектерді осы бір мерейлі күнмен құттықтады. Ақжарма тілектен соң Жалғас Мұртаза озат түлектерге «Алтын белгі» төсбелгісі мен «Үздік аттестатты» салтанатты түрде табыс етті. Осы бір жүрек тебірентер сәттен соң Абай атындағы орта мектептің түлегі, «Алтын белгі» иегері Аслан Кушубектің анасы Мукарам Ханапиева мен А.Макаренко атындағы орта мектептің түлегі, «Алтын белгі» төсбелгісінің иегері Қарагөз Иманбек сөз алып, оқу озаттарын құттықтап, білім нәрімен сусындатқан аяулы ұстаздар қауымына алғыстарын айтты.

    © 2015 Информационный портал аппарата акима Жамбылского района