100%200%
Жамбыл ауданы әкімі аппаратының
ақпараттық порталы

    НҰРЛЫ ЖЕР КӨПТЕН КҮТКЕН ҚУАНЫШ

    Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ел аумағында тиянағын тапқан талай тірліктер асыл мұраттар мекеніне айналған Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына шашу болып шашылып, халықты қуанышқа бөлеуде.

    Осынау шапағаты мол бастаманың шуағы ауданымыздың аумағына да түсіп, бір топ ауыл тұрғындары баспаналы болды.

    Анығын айтқанда, Аса ауылындағы «Бәйтерек» алқабында бой көтерген көпқабатты 18 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді.

    «Бином» құрылыс компаниясының құрылысшылары тұрғызған осынау еңселі үйдің ашылу салтанатында аудан әкімі Бақыт Қазанбасов пәтер иелеріне кілт тапсырып, құттықтады. Жаңа үйге қоныстанушыларға тілегін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев та жеткізген.

    Өңір басшысы мен ардагердің кермені қиғаны сол екен, ақ жаулықты әжелер шашу шашса, аудандық Мәдениет үйінің әншілері әсем әндерін әуелетті.

    Пәтерлер негізінен тұрғын үй кезегінде тұрған толық емес отбасы, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі жандарға берілді.

    – Мен өзімді бүгін бақытты сезініп тұрмын. Бүл күнді көптен күткен едім. Арманым орындалды. Аудан басшысы Бақыт Алпысбайұлына және осы жұмыстың басы-қасында жүрген азаматтарға шексіз ризамын, – деді ІІ топтағы мүгедек санатындағы ауыл азаматы Нұрдос Әліқұлов қолына жаңа пәтердің кілтін алып тұрып. Осындай қуанышын Бекзат Тоқтасын, Айгүл Орманова, Нұржамал Ахмет, Алуаш Әуелбаева, Айсұлтан Махсетов, Ақнұр Жұбаева, Құралай Бекібаева, Әсел Асанова, Салтанат Иманбекова, Әсем Нұрмаханова, Бақыткүл Төлебекова, Гүлім Қырықбаева және Камила Коригова да жасыра алмады.

    Әрине, қуаныш иелеріне қоныс тойы құтты болсын дейміз.

    © 2015 Информационный портал аппарата акима Жамбылского района