100%200%
Жамбыл ауданы әкімі аппаратының
ақпараттық порталы

    Наурыз айы туғанда Мерекемсің мәңгі мақтар

    Самарқанның көк тасы еріп, бар тіршілік оянған шақ – әз Наурыз мерекесі де босағадан аттады. Қазақпен бірге жасасып келе жатқан, күллі түркі әлеміне ортақ бұл мерекенің мәні зор, тамыры тереңде. Ұлыстың ұлы күні – ұлттық құндылықтарымыз бен рухани мұраларымыз біте қайнасқан айтулы мейрам. Халқымыз ежелден Наурызды қайта түлеу кезеңі, жыл басы деп санайды. Бұл күні жер беті нұрға бөленіп, ерекше күйге енеді. Барлық адам осы күнге аман жеткеніне қуанып, бір-бірін мерекемен құттықтап, мәре-сәре болады. Өткен жылды аман-есен шығарып салған жұрт келер жылға зор үміт, асқақ сеніммен қадам басады. Дәл осы күні еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін шаттықтың бесігінде тербеледі. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымыз қайта жаңғырып рухымыз асқақтайтын кез бұл. Шырайлы мерекеде өкпе-реніштің барлығы ұмытылып, тек татулық пен бірлік салтанат құрады.

    Алыстан көз тартқан ақшаңқан киіз үйлер, бір-бірін мерекемен құттықтап, қуаныштан жүздері бал-бұл жайнаған халық, асыр салып ойнаған балалар, қол күрестен сынға түскен жігіттер, бозкілемде белдескен балуандар, тал бойына бар сұлулықты жиған бойжеткендер, кимешек киген әжелер, әсем безендірілген сахна. Осынау ғажап көріністер Орталық стадиондағы мерекелік шарада орын алды. Мерекелік шара «Бәйдібек» мешітінің жанына тал егуден басталды. Аудан әкімі Бақыт Қазанбасов, бөлім басшылары, ауданның Құрметті азаматтары мен ақсақалдары мешіт маңына көшеттер отырғызып, игілікті іске өз үлестерін қосты.

    Орталық стадионға жиналған халықтың санында есеп болған жоқ бұл күні. Ауа райының өзі де Наурыз келгенін білдіргендей тамаша болып тұрды. Алғаш боп сөз алған өңір басшысы Бақыт Алпысбайұлы:

    – Күн мен түн теңесетін, өмір­дің жылы лебі есетін, дүние ерек­ше өзгеретін, жер-ана өзгеше күй­ге енетін, ырыс пен берекенің, құт пен несібенің бастауындай болған Наурыз мерекесімен шын жү­ректен құттықтаймын! Ұлыс­тың ұлы күні елдің ынтымағын нығайтып, әр отбасының береке-бірлігін арттырсын. Дамып келе жатқан елімізге тыныштық пен мол ризық алып келсін, – деді. Ізгі тілектер легін жалғаған ауданның Құрметті азаматы, облыстық қоғам­­дық кеңестің хатшысы, «Қазақ­стандық 100 жаңа есім» жобасы­ның жеңімпазы Сембек Сейдазимов аудан жұртшылығын мереке­мен құттықтап, барлығының отбасыларына амандық, дендеріне саулық тіледі.

    Ақжарма тілектерден соң ортаға шыққан «Аса сазы» фольклорлық ансамблі көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады. «Дарын» халықтық театрының «Аспаннан нұр жауған күн» атты мерекелік қойылымы да халықты әдемі әсерге бөлеп, қуанышқа кенелтті. Осы сәтте ортаға «Әдемі-ай» дуэті шығып, думан көркін одан сайын қыздыра түсті. «Үміт» үштігі мен «Рауан» дуэтінің орындаған әндері де мерекенің шырайын келтіріп, ажарын ашты. Сахна төріне көтерілген Нұргүл Беккулиева мен Нүрила Исаевалар «Наурыз көктем» әнін әуелеткенде мерекенің лебі бірден сезілді.

    Бұл думанда халықтың асыға күткені мекемелер мен ұйымдардың арасында өткізілген «Қазақы дастарханнан дәм татыңыз» атты байқау болды десек, қателеспеспіз. Өзара 8 ауылға бөлінген мекемелер мен ұйымдар қазақы дастарханды әзірлеуден сынға түсті. Байқау қызықты әрі тартысқа толы болды. Дегенмен байқау болған соң бірі озып, бірі қалатыны белгілі. Аудан әкімінің орынбасары Үміткен Найманова бастаған қазылар алқасының ұйғарымымен аудан әкімдігі білім бөлімі, «Сәуле», «Балдырған» балабақшалары және М.Төлебаев атындағы саз мектебінен құралған «Болашақ» ауылы бас бәйгені қанжығасына байласа, «Жастар» ауылы (аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі, «Жастар ресурстық орталығы», «Шұғыла-Радуга» газеті және Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі) I орынды иемденді. II орынға «Мейірім» ауылы (аудандық орталық аурухана, аудандық емхана, инфекциялық аурухана және туберкулезге қарсы мекеме) лайық деп танылды. «Шаңырақ» ауылы (Аса ауылдық округі, «Амангелді Газ», «Таң» және «Ақ кірпіш» ЖШС-тері) III орынды місе тұтты. Ал қалған «Ақ отау» (аудан әкімі мен аудандық мәслихат аппараттары), «Ынтымақ (жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, дене шынықтыру және спорт бөлімдері, Аса ауылы балалар және жасөспірімдер спорт мектебі, зейнетақы төлеу орталығы және МБТИ), «Береке» (аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімдері, «Аса-су» КММ және «Таза мекен» ШҚ КМК) және «Қазына» ауылдары (аудан әкімдігінің қаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімдері, мемлекеттік кірістер және қазынашылық басқармалары, аудандық архив, пошта байланыс торабы, халыққа қызмет көрсету орталығы) ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табыс етілді.

    Аса аспанын ән мен би тербеді бұл күні. Стадионға жиналған көпшілік концерттік бағдарламалардан бөлек, қол күрес пен қазақша күрестен өткен бәсекелерге куә болып, мерекенің басты тағамы – наурызкөжеден дәм татты. Жастар жағы алтыбақан теуіп өзара мәз-мейрам болысты. Жиналған жұртшылық жылдан жылға аман-есен жетіп, бейбіт елдің шаңырағынан әрдайым осындай қуаныш үзілмесін деп тарқасты.

    Құрбанәлі Шахабай,

    «Шұғыла».

    © 2015 Информационный портал аппарата акима Жамбылского района