100%200%
Жамбыл ауданы әкімі аппаратының
ақпараттық порталы

    МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА ҮЗДІКТЕР МАРАПАТТАЛДЫ

    23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні және полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Осы қос мерекеге орай кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында салтанатты жиын болып өтті. Әуелі аудан әкімінің орынбасары Жалғас Мұртаза мемлекеттік қызметшілер мен тәртіп сақшыларын мерекесімен құттықтады.

    – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылғы 20 желтоқсандағы Жарлығымен 23 маусымды Мемлекеттік қызметші күні деп жариялады. Айтулы күнде терең мағына бар. Өйткені әрбір өркениеттің өріне қадам басқан мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын алға апарушы – ол мемлекеттік қызметкер. Сондықтан да ұлт мәртебесін көтеретін, мерейін өсіретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – мәртебелі міндет. Мемлекеттік қызметші биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді.

    Билікке деген сенім қазіргі қоғамның талаптарына сай мемлекеттік қызметшіден басталады. Сондықтан қашанда билік міндетінің ауқымды және мақсатының биік болары барлық мемлекеттік қызметшілердің әрқашан жадында болуы керек. Мемлекеттік қызметшінің еңбегі туған Отаны мен халқына адал қызмет етумен бағаланады, – деген Жалғас Алижанұлы ел тыныштығын күзеткен полиция қызметкерлеріне де ізгі тілегін арнады.

    – 2007 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен 23 маусым Полиция күні болып ресми түрде бекітілді. Бұл – полиция қызметкерлеріне деген шынайы құрметтің белгісі. Құқық қорғаушылардың жұмысы таңғы сағат тоғыз бен кешкі сағат алтының аралығында шектелмейді. Тәртіп сақшылары халықтың тыныштығын күні-түні күзетіп, әлеуметтік тәртіпті бақылайды. Қауіп-қатердің алдын алады, төнген қауіпті ауыздықтауда басын бәйгеге тігеді. Сондықтан да қараша халық олардың елдік және ерлік істерін жоғары бағалайды, құрметтейді, – деді Жалғас Мұртаза.

    Мұнан кейін аудан әкімінің орынбасары сала үздіктерін марапаттады. Атап айтсақ, Қызылқайнар ауылдық округі әкімінің орынбасары Әсет Үрпековке (суретте) Жамбыл облысы әкімінің Алғыс хатын, аудан әкімі аппараты персоналды басқару бөлімшесінің бас маманы Жансерік Аманбайға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің Құрмет грамотасын табыс етті. Ал, Ақбастау ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-әскери есеп жүргізушісі Рая Таңатоваға, Полатқосшы ауылдық округі әкімінің орынбасары Айнұр Досманбетоваға, аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы Олжас Мырзахановқа, аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Асхат Айдарбековке аудан әкімінің Құрмет грамотасын, Ерназар ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-іс жүргізушісі Сағынбек Бестерековке, Аса ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-іс жүргізушісі Диана Нұралиеваға, аудан әкімдігі қаржы бөлімінің бас маманы Дәурен Қоскелбаевқа, аудандық ішкі істер бөлімі тылмен қамтамасыз ету тобының жүргізушісі Ерғали Қатимхановқа, аудандық ішкі істер бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесі қылмыс жасаудағы қылмыскерлер мен айыпталушыларды уақытша қамақта ұстау изоляторының полициясы Қуаныш Жобаевқа, аудандық ішкі істер бөлімі көші-қон полициясы қызметінің аға инспекторы Балжан Дүйсеноваға аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті. Аудан әкімі аппаратының қаржы-шаруашылық бөлімшесінің бас маманы Тимур Тұрсынбеков ҚР мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподақ ұйымы Жамбыл облыстық филиалының Құрмет грамотасымен марапатталды.

    Бұл күні ауданнан «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» атты облыстық байқауға қатысып, бас жүлдені жеңіп алған «Жалын» тобының мүшелері арнайы дипломға ие болса, ҚР Мемлекеттік қызметінің 20 жылдығына орай жас мемлекеттік қызметшілер арасындағы «Кәсіби қызметкер – кәсіби мемлекет» атты облыстық байқауға ауданнан қатысқан мемлекеттік қызметшілерге арнайы сертификат берілді. Сонымен қатар, Астана қаласының 20 жылдығы мен Мемлекеттік қызметшілер күні мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған облыстық спартакиадаға белсене қатысқан қызметшілер де арнайы диплом және Алғыс хатқа ие болды.

    Жиында аудандық мәслихаттың хатшысы Рүстем Бегалиев аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшесінің басшысы Әзиз Мәнтеевке, Тоғызтарау ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-салық агенті Абилаш Жапарқұловаға Жамбыл ауданының Құрмет грамотасын табыс етті. Салтанатты жиын соңында көпшілік аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының әсем әніне құлақ түрді.

    © 2015 Информационный портал аппарата акима Жамбылского района