100%200%
Жамбыл ауданы әкімі аппаратының
ақпараттық порталы

    АУДАН ӘКІМІ – ІС БАСЫНДА

    «Бескепе» орманшылығындағы береке

    1. Пионерліктердің пәрменді ісі

    Шеті мен шегі жоқтай көрінетін Мойынқұм өңірі құшағы кең, өріске бай, малшылар үшін жаратылған жер жәннаты секілді. Бұйра құмы, биік-биік белестері, жүгірген аң-құсы, маңыраған қой мен кісінеген жылқының, мөңіреген сиыр мен үрген иттің, малдың соңына ерген малшының даусы бұл өлкеге рең беріп тұрғаны мұнда алғаш табан тіреген жанды өзіне еріксіз тартып, қызықтыратыны даусыз.

    Аудан әкімі Бақыт Қазанбасов және орынбасары Ерлан Қыдыралыұлымен бірге ере барған аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы болып жаңадан тағайындалған Еркебай Рсалиевтің бұл Мойынқұм өңіріне алғаш қадам басуы еді. Оның таңырқана, тамсана қарағаны содан.

    – Талай жерде болдым. Мынадай шөбі шүйгін, өрісі кең мал жайылымын алғаш рет көруім. Бәрінен де таза ауасын айтсаңызшы, – дейді ол іштегі ойын жасыра алмай.

    Мойынқұм өңірі мал мен малшының панасы әрі қорғаны десек, артық айтпағанымыз болар. Мұнда «Жамбыл ормандары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Жамбыл ормандары және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» КММ-мен келісімшарт негізінде аудан малшылары 111 мың гектар жайылымдықта мал өргізіп отырса, соның ішінде «Пионер» өндірістік кооперативінің малшылары «Бескепе» орманшылығына тән 39482 гектар жерде мал қыстатып, төл алып отыр. Әрине, алынған төл аяқтанған соң пионерлік шопандар әдеттегі жазғы қоныстары – Көделі көктеуіне көш басын бұрып, күз айында өз орындарына қайта оралады.

    Бүгінде «Бескепе» орманшылығына береке дарып, төскей төлге толып отыр.

    – Қой төлдету науқаны аяқталып келеді. Нәтиже жаман емес. Әр қойдың соңынан бір-бір қозы ертеміз бе деген үмітіміз бар. Оған «Ақбиде» отырған Нұрбол Қаржаубаевтың, «Жұмаш» базда мал қыстатқан Сандыбай Сәрсенбаевтың, «Тәңкей» баздағы Серік Есімбаевтың, «Қуатбек» баздан қой өргізген Елдос Ізтілеуовтің, «Саройдың» төскейін төлге толтырып жүрген Жарқынбек Қазыбаевтың жарқын істері үмітіміздің отын жағып отыр. «Сапарбек» баздағы қошқаршы-шопан Сарыбай Сәрсенбаевтың да еңбегі зор. Олардың бағымындағы саулықтардың бүгінгі күнге 85 пайызы төлдеді. Қошақандар дін-аман. Биыл төлдеуге 2000 бас саулық түсіп отыр. Шопандарымыз қыстан қысылмай шықты. Қой қоңды, жемшөп жеткілікті. Әр шопанға төрт сақпаншы көмек беріп келеді. Сондай-ақ, қойға сырға салуда, оның есебін жүргізуде мал шаруашылығының меңгерушісі Сейдуалы Қабылов пен зоотехник Бақытжан Сейдахметовтың ықпалы зор, – деді «Пионер» өндірістік кооперативінің төрағасы Алпысбай Жұмаханов.

    Мойынқұм өңіріне келгелі төңірекке көз тастап жүрген Бақыт Алпысбайұлы: – Бүгінде ауданымыздағы төрт түлік түгел төлдеуде. Аудан бойынша 207003 бас қой бар болса, оның 96547 басы төлдеуге түсіп отыр. Осындағы жылқышы, сиыршы және шопандарымыз 68 базда мекендеп, қойды қораға толтырып келеді, – деді риза көңіл танытып.

    Осыдан-ақ «Бескепе» орманшылығын береке дарыған өлке десек, жарасымын табар. Оған пионерліктердің пәрменді ісі куә бола алады.

    © 2015 Информационный портал аппарата акима Жамбылского района