100%200%
Жамбыл ауданы әкімі аппаратының
ақпараттық порталы

    Жарқын келешегіміздің кепілі 04.09.19ж

    Елбасымыз Н.Назарбаевтың биылғы жылды «Жастар жылы» деп атауды жөн көргені жастарға жауапкершілік жүктейді. «Рухани жаңғыру» жаһандану дәуіріндегі рухани кеңістігіміздің жаңа бастауы деп бағаласақ, мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, ел игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер өзекті мәселелер екені айқын еді. Алдыңғы Жолдауда адами құндылықтар, рухани қазына, жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға басымдық берудің қажеттілігін алға қойған Елбасы ұлттық рухымызды жаңғырту жолында жастарға үлкен міндет пен жауапкершілік артып, биылғы жылды жастарға ерекше көңіл бөлуге арнады.

    Руханиятқа, білім, ғылымға маңыз берілуі – ұлттың алға қарай жылдам қарқынмен жылжуын жоспарлауы әрі жастарды білімді де бәсекеге қабілетті болуға баулуы. Бұл – тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы мен алаңсыз тұрмысы үшін жасалып жатқан жұмыс.

    «Мәңгілік ел» болу үшін бізге ауадай қажетті қасиеттер мен құндылықтардың қайнары тоғысып, ақыл-парасаты толысқан, ғаламдық ғылымды игерген адамдар көп болса, еліміз өркениетті, бәсекеге қабілетті болатыны ақиқат. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Бәсекеге қабілеттілік саясат пен экономикада, білім, ғылымда, технологияда, яғни барлық салада болуы тиіс. Ғани Мұратбаев айтқандай: «Жастардың бүгінгі міндеті – оқу, білім, тәрбие жұмыстары. Жастар бүгін сөзден іске көшетін заман. Білімсіз істің реті болмайды. Сондықтан, жастардың жалпы назары мектепке аударылуы керек». Білім мен тәрбиенің түпкі кірпіші қаланатын орын ол – мектеп қабырғасы. Ендеше, еліміздің атын әлемге жақсы жағынан әйгілі ететін, еліміздің ертеңі болатын білімді де жан-жақты, рухани азықтанған жастарымыздың қатары арта берсін!

    Бәсекеге қабілетті, әлемдік деңгейде танылған әрі дамыған рухани кемел ел болу – баршаның арманы. Ендеше, Елбасының жастарға жаңа серпін, тың бастама ұсынуы келешекке қамданудың әрекеті деп түсінеміз. Жарқыраған жастар – жарқын келешегіміздің кепілі!

    Ж.Тоқсаба

    Жамбыл ауданы әкімдігінің Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары.

    © 2015 Информационный портал аппарата акима Жамбылского района