100%200%
Жамбыл ауданы әкімі аппаратының
ақпараттық порталы

    «Ұлттық рухты оятатын мақала» 14.08. 2019

    Ұлы даланы ұлықтау – ұрпақ парызы

    Ұлттық рухты оятатын мақала

    Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Ұлы даланың  тарихымен таныстырып, руханиятты сақтауға арналған алты жоба ұсынылған. Осылайша біз тәуелсіздік алғалы үшінші мәрте тарихымызды түгендейтін бағыт-бағдар алып отырмыз.

    «Мәдени мұра» –  ақтаңдақтарды қалпына келтіріп, өшкенімізді жандырса, «Рухани жаңғыру» – ұлт тарихын таныстыратын даңғыл. Ал мына  «Ұлы даланың жеті қыры» – ұрпақтар мақтанатын, арғы тектерін әлемге батыл әрі айқын насихаттайтын төлқұжат.

    Енді осы мақаланы қаперге ала отырып, Қазақстан тарихын тереңдетіп қайта жазуға болады. Кеңестік тоталитарлық жүйеде бізге ұлықтар мен байларды жаман етіп көрсетіп, батырларымызды балағаттап, арғы тегімізді теріс етіп оқытты.

    Егемен ел болып, ес жиғалы ғана өткенімізді түгендеп, тегімізді танып келеміз. Осы бабаларды іздеу мен тек тану барысында жіберіп жатқан қателіктеріміз де баршылық. Әр ру өз бабасын батыр етіп көрсетіп, өз атасын ақылман деп, ақсүйек пен қарасүйекке, қожа мен қараға бөліне бастағанымыз да шындық. Енді Елбасы айтқандай: «Тарихи сананы жаңғыртып, көтерілген мәселелерді ой елегінен өткізіп, терең зерделеу қажет». Әлемнің бүкіл архивтеріндегі өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатқан шындықтарға із салу керек. Соған жол бастайтын «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасы болмақ.

    Мақаланың алғашқы жеті тарауында бабалары­мыздың өз заманында жеткен жетістіктері мен техноло­­гиялық жаңалықтарын жіліктеп түсіндіріп, құйма құлаққа құйып, көкірегінде көзі барға көрсетіп,  бүгін­гінің саналы ұрпағына ұқтырып отыр. Ең аяғы, Сиверс алмасы мен Регель қызғалдағының тарихи Отаны Қазақстан екенін дәлелдейді.

    Қазақ халқының өмір сүру дағдысы, тұрмысы, салт-дәстүрі жайлы білу, соны сақтап кейінгіге үйрету – ұрпақ парызы. Ашқан жаңалықтарын, жеткен жетістіктерін кейінгіге аманаттап кетеді. Сол аманатты Елбасымыз Түркі әлемінің бесігі – Тәуелсіз Қазақстанның жастарына «Жастар жылын» жариялай отырып, шыққан тектерімен таныстырған мақала жолдап отыр.

    Ал осыны оқыған ұрпақ төл тарихын білуге ұмтылып, тарихи санасы жаңғырып, мақалада айтылған керемет идеяларды қолға алып, жобаларға атсалысатынына сенімдімін.

    «Ұлы дала есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу, «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік фильмдер шығарып тарату ұлтымыздың қаһармандарын өз елімізде ғана насихаттамай, шет елдерге де шығарып, әлем халқымен таныстырады. Келер ұрпақ өзінің арғы тегіндегі ұлт батырларын үлгі тұтып  өсетін болады.

    Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның даласынан күллі әлемге тараған түркі халықтарының тарихын тірілтетін «Түркі өркениеті: түп-тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жоба да қолға алынбақшы. Елордада түркологтардың дүниежүзілік конгресі өтіп, түркі халықтарының мәдени күндері жасалмақшы. Тағы бір қуантатыны, түркі халықтарына ортақ туындылардың онлайн кітапханасын ашу да маңызды болып отыр.

    Ең негізгісі Ұлы даланың жеті қырымен таныса оты­рып, арғы тегімізді түгендеп, тарихымызды жаңғыртып, келер ұрпақ мақтанып айта жүретіндей жобаларды қол­ға алмақшымыз.

    Төленді Көпбергенов

    © 2015 Информационный портал аппарата акима Жамбылского района