100%200%
Жамбыл ауданы әкімі аппаратының
ақпараттық порталы

    ҰЛТ ТІРЕГІ – МӘДЕНИЕТ

    ҰЛТ ТІРЕГІ – МӘДЕНИЕТ
    Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы «халқымыздың ұлттық рухани тамырынан нәр алып, сол негізде дамып, тереңдеуі тиіс» деген байламға негізделген. Рухани жаңғыру дегеніміз, менің пайымдауымша, бұл ұлттық болмысты сақтап, өзіміздің қазақи менталитетімізден ауытқымай, дала дарындарын дәріптеу арқылы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулу. Елбасы өз мақаласында ұлттық кодты сақтау жайлы сөз етті. Ал енді ұлттық код дегеніміз не? Бұған әркім әрқалай жауап берері сөзсіз. Шұрайлы, бай ана тіліміз, ата дәстүр, салт-санамыз, мәдениетіміз, өнеріміз, Ұлы даланы әнмен, жырмен тербеген дарын иелері, сөзі мірдің оғындай ойшылдарымыз – осылардың барлығы ұлттық код бола алады.
    Дағдарыстан дамудың даңғыл жолына түскен Қазақ елінің толағай табыстары мен жетістіктерін әлем жоғары бағалайды. Біз тәуелсіздікке қол жеткізген тұста өз болашағымызды дұрыс бағамдап, алдымызға мақсат қоя білдік. Бүгінде соның жемісін көріп отырмыз. Мен жоғарыда айтып өткен ұлттық кодтардың бірі – мәдениет жайлы Ұлт көшбасшысы өз мақаласында кеңінен тоқталды. «Біз XXI ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз», – деп қадап айтты.
    Шүкір, қазақ ұлт болып жаралғалы дарын­дардан кенде болып көрген емес. Сонау Париж төрінде жұртты аузына қаратқан бұлбұл Әміре, одан бертін келе Роза, Жамал сынды жезтаңдай әншілеріміз, он саусағынан өнер тамған шеберлеріміз, суретшілеріміз, домбыраның құлағында ойнайтын небір күйшілеріміз – осылардың қай-қайсысы болмасын Ұлы дала елінің мәдениет пен өнер жағынан ешкімнен кем емес екенін дәлелдеп тұр.
    Әрине, бұл дала дарындарының бір парасы ғана. Ширек ғасырдан бері небір талантты ұл-қыздарымыз айдай әлемге Отанымызды өнерімен танытып келеді. Әлі де ашылмай, танылмай жатқан таланттарымыз қаншама. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дейді дана халқымыз. Еліміздегі өн бойынан өнер саулаған дарын иелерін таныту мақсатында Елбасы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын ұсынды. Бұл жоба да сәтімен жүзеге асты. Осы идея талай жасқа серпін беріп, алға жетеледі. Жастарды қолдап, демеу берсе, олардың ел игілігі үшін аянбай тер төгері анық. Себебі, ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын?!
    Мәдениет – мемлекеттің тірегі. Әлемдегі алдыңғы қатарлы 30 елдің сапынан көріну үшін басты алғышарттардың бірі – осы мәдениет пен өнерді дамыту. Сол арқылы біз алпауыт мемлекеттердің көшіне ілесіп, ғаламдық мәдениеттің биігіне шыға аламыз. Сөзімнің соңын Елбасының сөзімен қорытындылағым келіп отыр. «Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек».
    Нұрила ИСАЕВА,
    аудандық Мәдениет үйінің әдістемелік бөлме меңгерушісі.

     

    © 2015 Информационный портал аппарата акима Жамбылского района