100%200%
Жамбыл ауданы әкімі аппаратының
ақпараттық порталы

    ТУҒАН ЖЕР ЕЛІМНІҢ МӘРТЕБЕСІ

    Жуырда Қоңыртөбе ауылының кітапханашысы Айнұр Әбілдаева Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының «Туған жер» жобасы аясында тағылымды кездесу кешін ұйымдастырды. «Туған жер – елімнің мәртебесі» тақырыбында өткен шараға Жамбыл ауылдық округі әкімінің орынбасары Медет Нұрмаханов, Шайқорық ауылының тумасы, жеке кәсіпкер Мадияр Отыншиев және кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты.
    Кез келген ауылдың өзіне тән тарихы бар. Келелі кездесуде Айнұр Әбілдаева Қоңыртөбе ауылының тарихы туралы кеңінен баяндап, ауылдан шыққан айтулы азаматтардың ғибратқа толы игі істерін кейінгі ұрпаққа жеткізу әрбір азаматтың парызы екенін тілге тиек етті. Ал, кітапхананың тұрақты оқырмандары ақын-жазушылардың Отан, туған жерге арнаған жыр-шумақтарын оқып, ән айтып, би билеп, көрініс көрсетті.
    Өз кезегінде кеш қонақтары Медет Сәбитұлы мен Мадияр Орақбайұлы сөз алып, Елбасы мақаласындағы басты міндеттер, яғни, туған жерді түлету, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды жаңғырту, қасиетті жерлерді қалпына келтіріп кейінгі ұрпаққа жеткізу керектігін айтты.
    Шара соңында көпшілік «Мен тұратын өлке» бейнебаяны мен «Туған жер – тал бесігім» атты кітап көрмесін тамашалады.
    Нұрасыл СҰЛТАНБАЕВ,
    «Шұғыла».

    © 2015 Информационный портал аппарата акима Жамбылского района