100%200%
Жамбыл ауданы әкімі аппаратының
ақпараттық порталы

    «Тастөбе – ортағасырлық қала» 14.08.2019

    Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы

    Тастөбе – ортағасырлық қала

    Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында біртұтас ұлт болу үшін қоғамдық сананы жаңғырту, ол үшін халық санасына жалпыұлттық құндылықтарды тереңдету қажеттігін көрсеткен болатын.

    «Жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек. Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген. Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз», – деді Елбасы мақаласында.

    Бүгінде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жасалынып, бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында Ұлттық музей жанынан республикалық «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. Соның нәтижесінде еліміздегі қасиетті жерлердің тізімі жасақталып, елеусіз тарихи орындар назарға алына бастады.

    Бұл бағыттағы жұмыстар өңірімізде де қарқынды жүзеге асырылуда. Бүгінде аудан аумағындағы тарихи нысандар мен қасиетті орындардың басым көпшілігі тарихи-мәдени ескерткіштердің және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы тізіміне енген. Бұдан бөлек, тарихтан сыр шертетін көптеген орындар арнайы мекеменің және жергілікті тұрғындардың әркез назарында. Соның бірі – Тастөбе ортағасырлық қаласы.

    Көлқайнар ауылдық округіне қарасты Тастөбе ауылынан солтүстікке қарай 300 метр жерде орналасқан қалашықты алғаш 1898 жылы В.А.Каллаур, 1936 жылы Жетісу археологиялық экспедициясы (жетекшісі А.Н.Бернштам), 1978 жылы Жамбыл облысының тарихи-өлкетану мұражайының экспедициясы зерттеген. Ескерткіш үш бөліктен тұрады. Біріншісі – дөңгелек төбе, биіктігі 18 метр, диаметрі 100 метрге жуық. Екіншісі осы төбені барлық жағынан қоршаған, өлшемдері солтүстіктен оңтүстікке қарай – 130 метр, шығыстан батысқа қарай 170 метр террасадан тұрады. Орталық бөлігі ормен бөлінген. Негізгі төбеден оңтүстік-батысқа қарай 30 метр жерде өлшемдері 80-50 метр, биіктігі 2,5 метр, шығыстан батысқа қарай созылған бекіністің қалдығы сақталған. Үшіншісі негізгі төбеден солтүстікке қарай 50 метр жерде орналасқан. Оның табанының аумағы 90-7 метр. Қалашық орнынан үстінен қыш ыдыстардың, күйдірілген кірпіштің сынықтары кездеседі. Археологиялық қазба барысында табылған заттарға қарағанда қалашықты тұрғындар VI-XII ғасырларда мекен еткен. Олар мал өсіріп, егіншілікпен айналысқан деген болжам бар.

    Жалпы, мұндай жерлер өңірімізде өте көп. Әрине, оны көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – біздің басты парызымыз. Ол үшін рухани жаңғыру аясында қолға алынып жатқан игілікті іске біркісідей жұмылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауызбіршілікте еңбек етуіміз қажет. Сонда ғана өткен ғасырлардан сыр шертетін қасиетті жерлердің жермен жексен болып жойылып кетуіне жол бермей, кейінгі ұрпаққа мирас етіп қалдырамыз.

    Нұрасыл СҰЛТАНБАЕВ,

    «Шұғыла-Радуга».

    © 2015 Информационный портал аппарата акима Жамбылского района