100%200%
Жамбыл ауданы әкімі аппаратының
ақпараттық порталы

    ТАБЫЛҒАНЫМЫЗДЫ ТҮГЕНДЕП, ЖОҒАЛТҚАНЫМЫЗДЫ ЖИНАҚТАУДАМЫЗ


    Қазақ даласында көне дәуірден бері мыңдаған жәдігерлер бар. Осынау ұлы мұралар арқылы ата-бабаларымыздың өткен өмірін, кешкен ғұмырын, алған асуы мен шыққан биігін зерделеп, тәлімін ұрпаққа ұғындырып, әлемге паш ету – мұражайлардың негізгі міндеті.
    Осы мақсатта ауданымызда 2003 жылдың 7 ақпанында аудандық Мәдениет үйінің жанынан өлкетану мұражайы ашылған. Қазіргі таңда мұражай «Жастар ресурстық орталығының» бірінші қабатының үлкен залында орналасқан. Мұражайда ХІ-ХІІ ғасырлардағы қалалардың орнынан табылған қыш құмыралар, зергерлік бұйымдар, сонымен қатар қазақтың ұлттық тұрмыстық туындылары жиналып, сақталуда.
    Мұражай қорын толықтыру мақсатында аудан тұрғындарынан және мемлекеттік мекеме-ұйым, мектеп басшыларынан үйлеріңізде сандық түбінде жылдар бойы бойтұмардай сақтап келген жәдігер­леріңіз болса, мұражайға әкеліп тапсырсаңыздар деп сұранамыз. Мұражай қорына өткізуге болатын заттарды назарларыңызға ұсынып отырмыз.
    1. Археологиялық жәдігерлер: қыштан, қоладан, мыстан, ағаштан жасалған заттар, келі-келсап, самаурын, шөген, қақпан, майшам, көрік, сиясауыт, шоқпар, қылыш, садақ, сауыт, т.б.).
    2. Өңір табиғатына байланысты дүниелер: өсімдіктер мен аң-құстардың тұлыптары (муляж).
    3. Этнографиялық бұйымдар: киіз үй жабдықтары, төсеніштер, тұрмыстық бұйымдар, киім-кешек, патефон, қоржын, ер-тұрман, ши, сырға, сақина, білезік, белбеу, кебеже, адалбақан, шекелік, бойтұмар, шашбау, т.б.
    4. Нумизматикалық заттар: көне теңгелер, медальдар, ордендер, значоктар, маркалар.
    5. Кітаптар: аудан туралы, аудан­нан шыққан ақын-жазушылардың шығармалары, тарихи көне кітаптар.
    6. Нарықтық экономикаға байланысты: алдыңғы қатарлы шаруа қожалықтардың жетістіктері, фирма өнімдері.
    7. Архивтік құжаттар: республикаға белгілі азаматтардың суреттері, Ұлы Отан соғысына қатысушылардың және еңбек ардагерлерінің құжаттары, пайдаланған заттары мен суреттері.
    8. Спорт бұйымдары: ауданымыздан шыққан белгілі спортшылардың медальдары, грамоталары, кубоктары, вымпелдері, спорттық формалары.
    Құрметті аудан тұрғындары, өз өңіріміздің тарихын танып, келешек ұрпаққа құнды жәдігерлерді көптеп қалдырайық. Бұл – сіз бен біздің алдымыздағы үлкен міндет, борыш!
    Асқар СЫРЛЫБАЕВ,
    тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау инспекторы.

     

    © 2015 Информационный портал аппарата акима Жамбылского района