100%200%
Жамбыл ауданы әкімі аппаратының
ақпараттық порталы

    СОВЕТ ӘЛІМҚҰЛОВТЫҢ ЖЫРЛАРЫ ҚАЛДЫ ЖҮРЕКТЕ (19.05.18)

    Бейсенбі күні Жастар ресурстық орталығының үлкен залында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында танымал ақын Совет Әлімқұловтың туғанына 80 жыл толуына орай «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» атты байқау өтті. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі (директоры Аида Қалисаева), аудандық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы ұйымдастырған әдеби кеш оқырмандарды балалар ақыны С.Әлімқұловтың өмірімен, шығармашылығымен таныстырып, жастарға патриоттық рух беріп, адамгершілік қасиеттерге баулуды, ақын өлеңдері арқылы халқына, тілге, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін оятуды, поэзияға деген қызығушылығын арттыруды мақсат етті.
    Ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған «Жырымен жас ұрпақты тербеткен» атты кітап көрмесі қойылып, «Балалармен сырласқан сырбаз ақын» атты слайд ұйымдастырылған кеш «Көкіл» домбырашылар ансамблі орындаған Сүгірдің «Бозінген» күйімен басталды. Осылайша, келген қонақтар, өнер мен білімге жаны құмар, жырсүйер оқырман қауым ауданымыздың құтты ордасында тамаша бір кездесудің куәсі болды. Киелі поэзия әлемінде өзіндік үн, өзіндік сыр, өзіндік бояу, ажары бар, сырлы да нәзік өлеңдерімен жұртшылықты жырмен тербеген, өлеңін баласындай мәпелеген, алты алаштың баласына піскен жемістей үзіліп тұрған жырдан мол сыбаға берген дарынды ақын Совет Әлімқұловтың өлеңдері бұл кештің шырайын келтірді. Автордың «Тұңғыш кітап», «Өрімтал», «Күн көсем» кітаптары – оны нағыз балалар ақыны, ал басқа жинақтары тамаша лирик ақын ретінде танытты.
    1938 жылы 22 ақпанда Тұрар Рысқұлов ауданында дүниеге келген Әлімқұлов Совет Рақымбайұлы Тараз қаласындағы мәдени-ағарту училищесін, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. Меркі, Қордай аудандық газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, 1977-1991 жылдары Жамбыл аудандық «Шұғыла» газеті редакторының орынбасары, 1991-1992 жылдары «Әулиеата» газетінің редакторы болып қызмет істеді. Лирик ақынның алғашқы өлеңдер жинағы «Тұңғыш кітап» деген атпен 1969 жылы шықты. Содан бері оның «Жазушы» және «Жалын» баспаларынан «Жайсаң жер», «Күн көсем», «Қыран», «Еліктің лағы», «Өрімтал», «Қол айна», «Сыбызғы», «Ықылас», «Ораласың ба, көктемім?» жыр жинақтары мен театрға арналған бір актілі «Нұрлы дүние» пьесасы жарық көрді.
    Совет ағаның шымыр шумақтары оқырманын құштарлықпен оқуға ынтықтыра түседі. «Кіндік жұрт» деп аталатын өлеңінде:
    Қасиетті кіндік жұрт, пір тұтамын,
    Күліп атсын әрқашан нұрлы таңың.
    Менің де бір қабырғам кетті дей бер,
    Сынса сенің мезгілсіз бір бұтағың.

    Мен қуанам бір гүлің жұлынбаса,
    Сендегі егін бұршаққа ұрынбаса.
    Сықырлайды менің де сай-сүйегім,
    Төсіңде бір балапан шырылдаса.

    Мен қуанам сенде күн күлімдесе,
    Арналады өзіңе жырым неше.
    Мен қуанам үмітпен сеніп қосқан
    Сәйгүлігің бәйгеде сүрінбесе.

    Кіндік жұртым жазира даласы кең,
    Жүрегімнің іңкәрі, дауасы ма ең.
    Маған сенің шекер-бал қара суың,
    Маған сенің жеріңнің ауасы да ем, – дейді.
    Кездесу кешінің қонақтары – ақынның жары Сара Ахметова, қарындасы Серікгүл Әлімқұлова, кітапхана ардагері Зәуре Саттарова, ақын Байтанағали Төлентаев, аудандық «Шұғыла-Радуга» газетінің бас редакторы Сансызбай Махамбетқұлов, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Асқар Байдалиев ақын жайлы тамырлы да танымды әңгіме қозғады. Естелік айтушылардың барлығын кітапхана қызметкерлері үлкен экрандағы бейнебаянмен толықтырып отырды. Ал, аудандық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының жанынан құрылған «Бұлақ көрсең, көзін аш» әуесқой жас ақындар клубының мүшесі, Б.Момышұлы атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Даяна Мәлік ақын атасына жүрегінен жарып шыққан жыр жолдарын арнады.
    «Көкіл» домбырашылар ансамблі «Турецкий попурриді», «Елигай» қобызшылар ансамблі «Танец» шығармасын, аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлері Ғарифулла Лұқманов пен Нұрила Исаева ақын сөзіне жазылған әндерді орындады.
    Аудан орталығындағы үш мектептің оқушылары қатысқан байқауға келсек, талапкерлер «Мен кітапхананың тұрақты оқырманымын», «Ақыннан өлмес жыр қалған», «Портрет галереясы» кезеңдері бойынша сынға түсті. Өздерін алдымен кітапхана оқырманы ретінде таныстырып, содан соң ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, соңында портреттегі бейненің кім екенін анықтаған сайыскерлер білгірлігімен, ынталылығымен көпшілік ықыласына бөленді. Қазылар алқасының ұйғарымымен Б.Момышұлы атындағы орта мектептің оқушысы Аяжан Шалабек бірінші орынға, Нұрила Құлбатырова (Ю.Гагарин) мен Айгерім Орынбасар (Б.Момышұлы) екінші орынға, Нұрай Қарабек (Ю.Гагарин) мен Нұрай Раджапова (Ю.Гагарин) үшінші орынға лайық деп танылып, арнайы жүлделерге ие болса, Айбибі Сарықбаева, Динара Нұртай, Динара Тетер (үшеуі де Ю.Гагарин атындағы орта мектептен), Ақмерей Сәрсен (№1 орта мектеп), Дәурен Бабық (Б.Момышұлы) Алғыс хаттармен марапатталды.
    Үлкен жүректі, бала мінезді ақынның балауса жырларына арналған байқау өте әсерлі өтті. Өзі кеткеннен соң атағын аспандатуды емес, ақын рухын асқақтатуды, мұрасын, өсиетін, артында қалған дүниесін дәріптеуді көздеген іс-шарадан жас ұрпақ рухани азық, өнеге алды деп сеніммен айта аламыз. Бар-жоғы 54 жыл ғұмыр кешкен ақын жырлары бар жүректе жатталып қалары анық.
    Замира ХОЖАМКУЛОВА,
    аудандық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы.

     

    © 2015 Информационный портал аппарата акима Жамбылского района