100%200%
Жамбыл ауданы әкімі аппаратының
ақпараттық порталы

    РУХЫМЫЗДЫ КӨТЕРЕТІН КҮШ

    РУХЫМЫЗДЫ КӨТЕРЕТІН КҮШ
    Білім саласында жұмыс жасайтын біз үшін рухани жаңғыру деген сөз жағымды естілді. Өйткені, білім алу үшін адамның бойы мен салмағы, түр-келбеті маңызды емес, керісінше, рухани дүниесі мен санасы маңызды.
    Экономикамыздың қуатты, қорғанысымыздың мығым, тәуелсіздігіміздің мәңгілік болуы үшін санасы биік, өрісі кең, өскелең ұрпақ тәрбиелеуіміз керек.
    Мемлекет басшысы елімізге қай кезде не керек екенін дөп басып, дұрыс талдау жасай білетін, жасампаз көшбасшы екенін тағы да дәлелдеді. Расында, тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап еліміз алдымен экономиканы көтеруге ден қойды. Мемлекеттің барлық тарапы ел экономикасын аяқтан тұрғызу үшін жұмылдырылды. Егемендік алған 26 жыл ішінде бұл ұлы мақсат орындалды. Елдің еңсесі көтеріліп, қаржылық қиындықтарды жеңдік. Қазақстанның ел ішіндегі өзіндік экономикалық жолы қалыптасты.
    Ендігі мақсат рухани жаңғыру болмақ. Елбасы елімізді рухани жаңғыртудың бірегей бағдарламасын ұсынып, осы бағытты айқындап берді. Бағдарламаның кіріспесінде рухани жаңғырудың маңыздылығына қысқа да нұсқа тоқтала кеткен Елбасымыз рухани жаңғырудың ХХ ғасырда да болғанын айтты. Бірақ, ол кездегі батыстық жаңғырудың басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында деп көрсетті. Халқымыздың өзімізге тән рухани жаңғыруы керек екенін жеткізді.
    Елбасы елімізді рухани жаңғыртудың бірегей бағдарламасында орындалмайтын арман мен бұлыңғыр мақсаттан аулақ болуға шақырды. «Тарихта тұтас ұлттардың ешқашан орындалмайтын елес идеологияларға шырмалып, ақыры су түбіне кеткені туралы мысалдар аз емес. Өткен ғасырдың басты үш идеологиясы – коммунизм, фашизм және либерализм біздің көз алдымызда күйреді» деп турасын айтты. Шындығында, өткеніңе қарап сабақ алмасаң, келешектің кемел болуы мүмкін емес. Елбасы айтқандай, нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, салауатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану – мінез-құлықтың прагматизмі деген осы.
    Рухани жаңғыртудың бірегей бағдарламасында ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін көздеген маңызды бір бөлігі – ұлттық бірегейлікті сақтау деп айтылды.
    Елбасымыз ұлттық бірегейлікті сақтаудың өзін екі бөлікке бөлді. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту.
    Кез келген ұлттың салт-дәстүрлерінің ішінде озығы мен тозығы қатар жүреді. Егер ұлтымыздың дәстүрін сақтаймыз деп өткенін түгел қабылдасақ, онда ілгерілеушіліктен айырыларымыз ақиқат. Біз мәдениетті ұлт ретінде өзіміздің озық тұстарымызды одан әрі дамыта түсіп, сонымен қатар заман талабына сай жаңа көзқарастардан да қашпауымыз керек. Бұл бағдарламада осы жағы басты назарға ұсталған. Бізге қатты әсер еткен тұсы «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана». Міне, осыдан артық не айтуға болады. Егер ел болып осы мақсат жолында жүретін болсақ, халқымыздың болашағы жарқын болары сөзсіз.
    Ғылым саласында жұмыс жасайтын біз үшін де рухани шабыттың орны бөлек. Егер ұлттық құндылықтардан іргемізді аулақ салатын болсақ, роботқа айналып шыға келеміз. Сондықтан, Елбасымыз айтқандай, тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани кодымызды сақтай отырып, әлемнен өз орнымызды табамыз.
    Сондай-ақ, Елбасымыз рухани жаңғыртудың бірегей бағдарламасында прагматизм ұғымына кеңінен тоқталды. «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді».
    Әсіресе, оқу-ағарту саласында прагматизмнің алар орны бөлек болмақ. Егерде уақыт талабына сай қызмет жасамайтын болсақ, қалыптасқан үрдістен аспайтын болсақ, дамудың ауылы алыс болмақ. Сондықтан, білім беру саласында білек түріп қызмет жасап жатқан әрбір маман Елбасымыздың осы бағдарламасын оқып, терең түсінуі керек. Егер осы бағдарлама негізінде санамызды жаңғыртып, ойымызды дұрыс бағыттайтын болсақ, еліміздің ертеңі ертегідей нұрлы болмақ. Тарихтың талай сынағынан өткен халқымыздың ендігі қиындықтарға төтеп беруінің бірден-бір жолы осы. Рухани жаңғыру – рухымызды көтеретін күш.
    Рауан ТӨЛЕНДИЕВ,
    Жеңістің 30 жылдығы атындағы орта мектептің мұғалімі.

     

    © 2015 Информационный портал аппарата акима Жамбылского района