100%200%
Жамбыл ауданы әкімі аппаратының
ақпараттық порталы

    МЕРЕЙ ЖАЛЫНДЫ ЖАСТАР ЖЕҢІСІ

    Жуырда Қордай ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен облысқа қарасты аудандардың Жастар ресурстық орталықтары қызметкерлері арасында «Жастар таңдауы – спорт!» атты облыстық спартакиада өткізілді. Спартакиадада спорттың 5 түрінен, яғни, қол күресі, гір тасын көтеру, қашықтыққа секіру, белтемірге тартылу, кіші футбол секілді ойын түрлерінен командалар өзара күш сынасты.
    Нәтижесінде, аудандағы орталықтың қызметкері Е.Алпысбаев қол күресінен ІІ орын иеленсе, Е.Құрманбековке ІІІ орын бұйырды. Маханбет Рахымжанов бастап барған Жамбыл ауданы әкімдігі «Жастар ресурстық орталығының» командасы спартакиаданың командалық қорытынды есебі бойынша жүлделі ІІІ орынды иеленіп қайтты.
    Сонымен қатар «Қазақстан-2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру аясында Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған облыстық КВЕСТ ойынына топ жетекшісі Н.Сакенов бастап барған ауданымыздың жастары алғырлық танытып, бас жүлдені қоржынына салып қайтты.
    Бұдан бөлек, Байзақ ауданы Қызыл жұлдыз ауылындағы Ақшабаев атындағы орта мектепте Байзақ ауданының 80 жылдығына орай «Болашағы жарқын, келешегі кемел Байзақ елі» атты мектеп оқушылары арасында облыстық пікірсайыс турнирі өткен болатын. Турнирге 36 фракция қатысып, оның ішінде 5 фракция Жамбыл ауданының намысын қорғады. Турнир қорытындысы бойынша Жамбыл ауданы Ю.Гагарин атындағы орта мектептің «Хақназар» фракциясының мүшелері Алима Қалисаева мен Жанерке Байзақ ІІ орынды иеленіп, ауданымыздың абыройын асқақтатты.
    Мақсат ЖҰМАБАЕВ,
    «Шұғыла».

    © 2015 Информационный портал аппарата акима Жамбылского района