100%200%
Жамбыл ауданы әкімі аппаратының
ақпараттық порталы

    ЛАТЫНҒА КӨШУ – ҚАЖЕТТІЛІК 17.02.18ж

    ЛАТЫНҒА КӨШУ – ҚАЖЕТТІЛІК
    Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың өткені, бүгінгісі, болашағы. Қазақ тілі өзінің даласындай бай. Халық тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Егемен елде ана тілімізге мемлекеттік мәртебе беріліп, Тіл туралы заң қабылданды. Елбасының 2003 жылғы 15 қарашадағы Жарлығымен қыркүйектің үшінші жексенбісі Қазақстан Республикасы халықтары тілдерінің күні ретінде атап өтілетін болды.
    Қазақ тілін латын жазуына көшіру туралы ұсыныс, жаңа әліпби дайындау және құжат айналымы мен кітап басып шығаруды латын тіліне ауыстыру қазақстандықтар үшін кенеттен туындаған мәселе емес. Бұл – мемлекеттің мақсатты түрде және кезең-кезеңмен бет алған бұрыннан мәлімделген мақсаты. Сондай-ақ бұл бастама «сырттан» келген жоқ, оны бастама етіп көтерген – Қазақстан азаматтары. Латын жазуына көшудің қажеттігі туралы мәселені қоғам қайраткерлері мен тіл білімі саласындағы мамандар тәуелсіздіктің алғашқы жылдары-ақ көтерген болатын. Қазақ тілінің жазуын өзгертудің орындылығы туралы мәселе алғаш рет 1992 жылы бұрынғы КСРО аумағында тұратын түркітілдес халықтардың өкілдері қатысқан Түркияда өткен Түркологиялық Конгресс аясында айтылды. Конгрестен кейін Тіл білімі институтының директоры, академик Әбдуәли Қайдар Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдады. Хатта көптеген түркітілдес елдер Кеңес Одағы құлағаннан кейін латын әліпбиін игергенін, сондықтан Қазақстан да сол елдердің ізімен жүруі керек екендігін атап жазған болатын. Хатқа Тіл білімі институты әзірлеген латын жазуына көшудің тұжырымы және латын жазуына негізделген қазақ әліпбиінің алғашқы жобасы тіркелді. Ұсыныс мұқият қарастырылды. Алайда сараптамалық бағалар қоғамның мұндай күрт өзгерістерге дайын еместігін көрсетті. Бұл мәселе 2006 жылы тағы да күн тәртібіне қойылды, Қазақстан халқы Ассамблеясында Елбасы әлемдік коммуникациялық кеңістікте латын жазуының басым екенін айтып, мамандарды латын жазуына көшу мүмкіндігі туралы мәселені талқылауға шақырды.
    Латын жазуына кезең-кезеңмен көшу туралы мәселенің «Қазақстан-2050» Стратегиясында көтерілуі қисынды. Президенттің 2012 жылғы «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында қазақ тіліне жаңғырту жүргізетін кез келді делінген. «Қазақ тілі Қазақстан халқын біріктіруші болуға тиіс… «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз… Осылайша, тәуелсіздігіміз бүкіл ұлтты ұйыстыратын ең басты құндылығымыз – туған тіліміздің мерейін үстем ете түседі. Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», – деді Президент. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қазақ жазуын латын графикасына көшіру тақырыбын нақтылай келе, мамандар мен Үкіметтің алдына мынадай міндеттер қойды: 2017 жылдың соңына дейін жаңа графикадағы қазақ әліпбиінің бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау; 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді оқытатын кадрлар даярлау мен орта мектептерге арналған оқулықтар даярлауды бастау; қазақ тілін латын қарпіне көшірудің нақты кестесін әзірлеу; 2025 жылдан бастап іс қағаздарын латын қарпінде жүргізу, мерзімді баспасөзді, оқулықтар мен басқа басылымдардың барлығын латын қарпінде жариялау. Қазақ жазуын латын графикасына көшіру қажеттілігі туралы айта келе, Ұлт Көшбасшысы қазақ тілін латын қарпіне көшіру процесі жақсы дайындықпен және байыпты түрде жүргізілуге тиіс деп атап көрсетті. Бұл біздің әлемдік өркениетпен ықпалдасуымызға, ағылшын тілін және интернет тілін үйренуімізге жағдай жасайды. Тіл арқылы біз оқып, білім аламыз, қалаған мамандықты игереміз. Тіл арқылы даналар сөзін оқып білеміз, одан ғибрат аламыз. Тіл халықпен бірге жасайды, дамиды, өркендейді.
    Флюра САРВАРОВА,
    аудандық әділет басқармасының мұрағатшысы.

     

    © 2015 Информационный портал аппарата акима Жамбылского района