100%200%
Жамбыл ауданы әкімі аппаратының
ақпараттық порталы

    «Көне жәдігерге бай ауыл» 14.08.2019

    Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы

    Көне жәдігерге бай ауыл

    Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Біз қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесін – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алдық. Біздің мақсатымыз айқын, ол әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу» деген болатын.

    Әрине, отыз елдің қатарына қосылу деген тек экономикалық көрсеткіштердің мықтылығынан болмайды. Әлемде байлығы басынан асып, ауызынан ақ май ақтарылып отырған мемлекеттер бар. Бірақ, көпшілігі байлық қуалаймыз деп жүріп өз ұлтының болмыс-бітімін, бет-бейнесін мүлде жоғалтып, рухани құндылықтарын бағалай білмегендіктен іштей азып-тозудың алдында тұр.

    Алдында Қожа Ахмет Ясауи мен абыз Абайы бар қазақ қоғамы бұл індеттен сау болғанымен, жаман дағды, ерсі әрекет тез жұққыш келеді. Сондықтан Елбасының «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды» деген ойы Қазақстанның ертеңіне алаңдаған әрбір азаматтың көкейінде болуы керек. Ол үшін өскелең ұрпақтың бойына әуелі қазаққа тән ұлттық болмыс пен рухани байлықты дарытуымыз қажет. Бұл ретте Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларының маңызы зор.

    Әрине, әрбір азамат өзі туып-өскен өлкенің тарихын бес сау­сағындай білгені және кейінгі ұрпаққа жеткізгені жөн. Жасы­ратыны жоқ, жетпіс жылға жуық өзге елдің боданында болған қазақ халқы осы жылдар ішінде атадан балаға мирас болып келген ұлттық құндылықтардан қол үзіп, дін, тіл секілді басты байлығын бағалай алмады. Ал, өткен ғасырлардан сыр шертетін тарихи нысандар мен қасиетті жерлер көпшілік назарынан тыс қалды. Кейбірі тіпті жойылып та кетті.

    Ал, егемендікке қол жеткізіп, тәуелсіз мемлекет атанған жылдар ішінде бұл олқылықтың орны біршама жақсарды. Тіл мен діннің күретамырына қан жүгіріп, тарихи нысандар мен қасиетті жерлер қайта жаңғырып, жанданды. Сондай-ақ, Елбасы мақаласы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы қолға алынып, тарихи орындардың тізімі жасақталды. Бүгінде өңіріміздегі көптеген тарихи орындар осы жобаның тізіміне енген. Соның бірі – Ақбұлым ауылдық округіндегі Қарасай шатқалы. Негізі, Ақбұлым ауылы көне жәдігерге бай мекен. Ауылдың ежелгі тарихына тоқталсақ, ауылдың тұрған жерінің климаты өте қоңыржай болған. Қола дәуірі кезінде адамдар аң аулап, өздері тіршілік жасап өмір сүрген. Осы кезеңде Үнді мұхитынан соққан жылы ауа қысы-жазы температураны бірқалыпты ұстап тұрған. Сол кезде өмір сүрген адамдар өздерінің ұстаған аңдарын тасқа ойып, салып отырған. Оған дәлел – Қарасай шатқалындағы тастағы суреттер.

    Қарасай шатқалындағы петроглифтердің ішіндегі құнды суреттер қатарына жататын петроглиф – күн басты сібір бұғысы. Жанрлық композиция арқылы салынған бұғының суреті ежелгі қола дәуірінен бізге жеткен бейнелеу өнерінің қайталанбас туындысы болып табылады. Аң стилі негізінде салынған сурет – шынайы бейнені сомдайтын өнер туындысы. Сонымен қатар ежелгі көшпенділердің бейнелеу өнерінде кең таралған жылқы бейнесі де кездеседі. Жылқы қашанда дала өркениетінің басты нышаны, мінсе көлік, жесе ас, шөлдесе сусын ететін қасиетті жануарлардың бірі. Сондықтан жылқы ежелгі энеолит кезеңінен бері көшпенділердің өмірімен тығыз байланысты.

    Қарасай петроглифтерінде культтық көріністер, адам мен жабайы аңдардың іс-әрекеттері сомдалып, тауешкілердің артқа қайырылған үлкен мүйіздерін тас бетіне шеберлікпен бейнеленуіне қарағанда олардың киелі аңдар қатарына жатқызылғандығын көреміз. Суреттердің арасында түйе бейнелері де кездеседі. Түз тағыларынан қабан, ұзын құйрығы қайырылып тұрған түлкі, қасқыр, ит, қазіргі үй жануарларынан аумайтын ойсыл қараға жататын бір топ бұқалардың суреттері асқан шеберлікпен бейнеленген.

    Тастағы суретте алдыңғы екі аяқтарын көтеріп, шабысып, өз үйірлерін қорғап тұрған мығым денелі арғымақтардың суреттері нағыз шынайы көрініспен бейне­ленген. Суреттердің мазмұнына арқау болған тұрмыстық заттар, жануарлар мен құбылыстардың барлығы қасиетті саналған. Түз тағылыры мен төрт түлік иесін құрметтеу, қару-жарақты кие тұту нышандары қазақ халқының дәстүрлі наным-сенімдерінде әлі күнге дейін сақталған.

    Қалай болғанда да әрбір бедерде көне замандардағы белгісіз тас қашаушы шебер суретшілердің сол заманғы қоршаған ортаға, дәстүрлі тіршілігіне деген өзіндік көзқарасы мен пайымын сипаттайды. Бұл суреттер – қола дәуірінен бізге жеткен теңдессіз мәдени мұра.

    Бұл мұраларды сақтау керек, зерделеу қажет. Бүлінген тарихи мұраларымызды қалпына келтіру – біз үшін зор абырой. Болашақ ұрпақ өз елінің теңдесі жоқ бай мұраларын зерттеу арқылы танып-білуі қажет.

    Жамбыл Бесбаев,

    тарихшы-өлкетанушы.

    Ақбұлым ауылы.

     

    © 2015 Информационный портал аппарата акима Жамбылского района