100%200%
Жамбыл ауданы әкімі аппаратының
ақпараттық порталы

    КӘСІПКЕРЛІККЕ КЕҢ – ӨРІС! АЙШАБИБІДЕ САУДА ҮЙІ АШЫЛДЫ (09.06.18ж)

    Таяуда Айшабибі ауылы Жібек жолы көшесінің бойынан еңселі қос қабатты сауда үйі ашылып, ауыл тұрғындарына қуаныш сыйлады.
    Ашылу салтанатында ауыл ардагерлері кеңесінің төрағасы Райымбек Мұсатаев: – Бұл сауда үйін айшабибіліктер мерекеге тарту деп қабылдады. Әмбебап дүкеннің меңгерушісі Ақмарал Аңдабайқызына рахмет. Іскер екен. Себебі мынадай зәулім ғимаратты тұр­ғызу көп азаматтың қолынан кел­мей жүргенде Ақмарал қызымыз ер­лік жасады, – деп ағынан жарылған.
    Шындығында, Айшабибі ауылына көрік беріп тұрған бұл «Бақыт» сауда үйінің салынғанына ауыл тұрғындары қалаға ат сабылтпай-ақ, керегін осы жерден табатынына қуанады.
    Арада күндер өткенде біз аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Бауыржан Төлендиев және аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Нүргүл Әміровамен бірге осында тағы да атбасын бұрғанбыз.
    Сауда үйі ашылған күні Ақмарал Оспановамен сұхбаттасудың сәті түспеген еді. Әңгімелесудің орайы бүгін келген.
    – Сауда үйін тұрғызу көптен бергі арманым еді. Жолдасыма рахмет, қолдау көрсетті. Өткен жылы құры­лысын бастадық. Қазір ғимара­тымыздың төменгі қабатында азық-түлік дүкені жұмыс істеп тұр. Келешекте шаштараз, шағын асхана ашуды көздеп отырмыз. Қазір мұнда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Ал, екінші қабат болашақта 150 адамға арналған мейрамхана болмақ. Жоспар көп. Осы ғимаратты тұрғызамыз деп алты соттық жерді иелігімізге алу үшін біраз жүгіргеніміз болмаса, құрылыс материалдары мен құрылысшыларға төлем өз қалтамыздан шықты. Яғни, 100 млн теңге инвестиция салынды. Қазір төменгі қабаттағы дүкенде 4 адам қызмет көрсетеді. Келешекте шаштараз, асхана, мейрамхана іске қосылғанда жергілікті жердің тұрғындарын көптеп тартатын боламыз, – деді ол.
    Сауда үйінің іші-сыртын аралап көрдік. Жинақы әрі таза. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде екен. Ең бастысы, үлкен жолдың бойынан арлы-берлі өтетін жолаушылардың көз жауын алатын «Бақыт» сауда үйінің халыққа мүлтіксіз қызмет көрсететініне қуандық.

    © 2015 Информационный портал аппарата акима Жамбылского района