100%200%
Жамбыл ауданы әкімі аппаратының
ақпараттық порталы

    Елдігіміздің қайнар көзі 04.09.2019ж

    Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында баса мән берген бағыттардың бірі – «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жасау. Бұл жөнінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген. Мәселе еліміздегі ескерткіштерді, ғимараттар мен көне қалаларды қалпына келтіруде тұрған жоқ. Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді», – деп шегелеп айтқан болатын. Алтай мен Атыраудың арасын жалғаған, ұшқан құстың қанаты, жүгірген аңның аяғы талатын ұлан-байтақ жерімізде киелі нысандар аз емес. Сонау сақ заманынан бері талай бектер мен хандардың табаны тиген қазақ жерінде алтынға бергісіз құнды жәдігерлер мен қасиетті жерлер баршылық. Олардың біразын Елбасы өз мақаласында да атап өтті. Өзіміздің Жамбыл өңірі де мұндай орындардан кенде емес. Аңсаған азаттыққа қол жеткізіп, еңсеміз тіктелген кезеңнен бері тарихи-мәдени орындарды жаңғыртып, жаңарту жұмыстары қолға алынды. Осыған орай «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданып, сәтімен жүзеге асты. Осы бағдарламаның арқасында бірталай киелі орындар қалпына келтіріліп, шырайлана түсті. Еліміздегі бірқатар қастерлі орындар мен тарихи нысандардың ЮНЕСКО-ның қорғауына алынуы да тәуелсіздігіміздің ірі жетістіктерінің бірі. Осы орайда Ұлт Көшбасшысының: «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі. Сондықтан, мыңжылдық тарихымызда біз алғаш рет осындай ауқымды жобаны жасап, жүзеге асыруға тиіспіз», – деген ұлағатты сөзі ойға оралады. Бұл мақалада Елбасы Үкіметке жұртшылықпен ақылдаса отырып, осы жобаны мейлінше тезірек жасау керектігін де тапсырды.
    Алтыннан сауыт киген бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ұшы-қиыры жоқ ұлан-ғайыр жерді қасық қаны қалғанша қорғап, ұрпаққа аманаттады. Қойнауы сырға толы Ұлытау өңірі болсын, жүзден аса қазақтың игі жақсылары дамыл тапқан Түркістан болсын, бұлардың барлығы да кемел тарихтан сыр ақтарады. Еліміздің қай түкпірі болмасын қастерлі мекендерге бай. Бұл жерлердің барлығында өткеннің іздері сайрап жатыр. Мың өліп, мың тірілген халқымыздың бастан өткерген тауқыметі мен қуанышының куәсіндей болған осындай нысандарды өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттап, ұлықтау бәріміздің ортақ парызымыз. Осы арқылы мыңдаған жастың бойына отансүйгіштік қасиетті дарытуға болады деп сенемін.

    А.Сарсеналы
    аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы.

    © 2015 Информационный портал аппарата акима Жамбылского района