100%200%
Жамбыл ауданы әкімі аппаратының
ақпараттық порталы

    Індеттен сақтану — міндет

    Сұхбат

    Елімізде коронавирус індеті өршіп тұр. Қауіпті індеттің беталысы жаман. Вирусты жұқтырғандардың саны күн санап өсуде. Жағдай ушыға берсе, тұтас халықтың денсаулығына қауіп төнуі мүмкін. Дегенмен, мемлекет тарапынан бұл індеттің алдын алу мақсатында қажетті шаралар қолға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Біздің ауданда да солай. Дейтұрғанмен, нақты қандай шаралар қолға алынды? Қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Жалпы, өңірдегі қазіргі ахуал қандай? Осы сауалдар тек бізді емес, жергілікті тұрғындарды да толғандырады. Көкейде жүрген сауалдарға жауап алу үшін газет тілшісі аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Алтай Сауруковпен сұхбаттасқан еді.

    – Алтай Мұхтарұлы аудандағы жалпы эпидемиологиялық жағдайға тоқталсаңыз?

    – Өңірімізде жағдай мәз емес, күрделі. Бұл бағытта бізде 2 мобильдік, 1 мониторингтік топ жұмыс істеуде. 16-29 маусым аралығында аудан бойынша 283 адам коронавирусқа тексерілді. Оның ішінде 222 адам теріс, 61 адам оң нәтиже көрсетті. Эпидемиологиялық көрсеткішпен 196 азамат үй жағдайында оқшауланған. Жақын байланыста болғандар саны – 211. Провизорлық стационарда 16 адам ем-дом қабылдап жатыр. Бұдан бөлек, ауру белгілері жоқ 34 тасымалдаушы тіркелді, олар қазір бақылауда.

    – Бүгінде ауданда коронавирус жұқтырғандарды жатқызатын төсек-орын, қажетті құрал-жабдықтар жеткілікті ме?

    – Дәл қазіргі уақытта жеткілікті.

    – Коронавирусты жұқтырмаудың амалдары қандай?

    – Бұл індет ауа арқылы тарайтындықтан, далаға шыққанда үнемі маска тағып, қолғап киіп, әлеуметтік қашықтықты ұстанған жөн. Үйге немесе жұмысқа келгенде міндетті түрде қолды сабынмен, антисептикпен жуып, жеке гигиена шараларын қатаң сақтау қажет. Ең дұрысы, себепсіз үйден шықпаған жөн. Той-томалақты доғару керек. Егде жастағы адамдар үй күтімінде болуы қажет. Бұл туралы сан мәрте айтылып та жатыр. Вирустан қорғанудың негізгі жолдары осы.

    – Егер бір адамнан вирус анықталса, оның отбасы мүшелері де түгелдей дертке шалдыға ма?

    – СOVID-19 жұқтырған науқаспен байланыста болғандардың барлығы міндетті түрде түгелдей тексеруден өтеді. Көп жағдайда пациенттің отбасы мүшелерінен де вирус табылады. Алайда жақын байланыста болғандардың барлығы коронавирус жұқтырды деп бірден шешім қабылдай алмаймыз. Олардан сынама алынады. Кей жағдайда дертті жұқтырмағандар да болуы мүмкін. Жұқтырған жағдайда науқас 14 күнге оқшауланады. Үйде оқшауланғандарға дәрігерлер телефон, бейнебайланыс арқылы хабарласып, хал-жағдайын біліп тұрады.

    – Өңірімізде жұқпалы індетке әлі күнге дейін сенбейтіндер бар. Осындай жандарға не айтар едіңіз?

    – Коронавирусқа шалдыққандар қатары күн сайын артып келеді. Ал, көпшілік той тойлап, асқа барып, оңды-солды қыдырып жүр. Карантин талаптарын сақтап жатқан жоқ. Ауру белгілері жоқ, вирус тасымалдаушылар ортамызда жүр. Олар көпшілік жиналған жерлерге барып, ауруды таратады. Тойда әлеуметтік қашықтық сақталмайды, ешкім медициналық маска тағып, қолғап киіп отырмайды, ғимараттар тиісінше залалсыздандырылмайды.

    Жер-жаһандағы қаншама мемлекет қауіпті дертпен жұмыла күресуде. Ақ халаттылар күн демей, түн демей еңбек етуде. Айналада болып жатқан дүрбелеңге қарасаңыз, індеттің бар екеніне күмәндануға еш негіз жоқ. Сол үшін де сақтық шараларын орындау керек.

    – Аудан тұрғындары қажет жағдайда қайда хабарласа алады?

    – Аудандық орталық ауруханада пациенттерге қолдау көрсету қызметінің 4-19-04 нөмірлі «сенім телефоны», 4-19-21 «call center» телефон нөмірі, 2-11-43, 2-12-93 тіркеу нөмірлері жұмыс істеуде. Сондай-ақ тұрғындардың өтініш-тілектеріне, арыз-шағымдарына арналған 87262970191, 87064107045 WhatsApp нөмірлері бар.

    – Әңгімеңізге рақмет!

    © 2015 Информационный портал аппарата акима Жамбылского района