100%200%
Жамбыл ауданы әкімі аппаратының
ақпараттық порталы

    Жамбыл ауданының әкімі Бақыт Алпысбайұлы Қазанбасовтың 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен 2019 жылға қойылған міндеттері туралы халық алдындағы есебі

    Құрметті қауым!

    Бүгін біз жыл сайынғы әкімдердің халыққа есеп беру кездесуіне жиналып отырмыз.

    Мемлекет басшысының стратегиялық құжаты еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және Қазақстан халқының әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне арналды.

    Биылғы жылды да еліміздің басты құжаты болып саналатын Ел Президентінің халыққа арнаған жаңа Жолдауынан қанаттанып, қуат алып бастадық. Дамудың даңғыл жолына түскен барша қазақ елі үмітпен күтетін Жолдаудан бастау алған игі істердің жемісін біз көріп келеміз. Елдікті, бірлікті, өркениетті ту еткен халқын ерен еңбекке жетелеген кемеңгер Көшбасшының бұл Жолдауы да ауқымды істерге бастаған кезекті қадам десек қателеспейміз.

    Сонымен қатар, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы – осы жетістіктерімізді одан әрі еселей түсудің, алға қойған ұлы мақсаттарға жетудің берік тұғырын орнатудың жарқын көрсеткіші. Елбасымыз өзінің бағдарламалық мақаласында қоғамдық сананы жаңғыртудың бағыттарын айқындап берді. Ұлы мемлекет әрқашанда үндестік заңымен өмір сүреді. Елбасы халқымыздың тағылымы мол тарихы мен ұлттық салт­-дәстүрлерін елде жүргізіліп жатқан саяси реформа мен экономикалық жаңғырудың өзегіне айналдыра отырып, Қазақстан қоғамы мен әрбір азаматтың санасын жаңғыртудың алты негізгі бағытын белгілеп берді. Олардың барлығы теңдесі жоқ тарихи мазмұнға ие болып, алдағы дамуымыздың басты қағидаларын анықтады.

    Ендігі кезекте, баршамыз бірігіп, осы сара жолмен дара озуға күш салуымыз қажет. Тұтас елде береке болса, жеке шаңырақта да оның шапағаты болмақ.

    Құрметті жиынға қатысушылар!

    Ендігі кезекті ауданымыздың 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарына тоқталып өтемін. Өткен жылы Жамбыл ауданында экономиканың барлық бағыттары бойынша тұрақты өсім қамтамасыз етілді.

    Ауданның жалпы жер көлемі 430 954 гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер – 244 999 гектар.

    Жалпы егістік жердің көлемі 64 189 гектар (32 974 гектар суармалы егістік, 31 215 гектар суарылмайтын егістік), оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдалануға жарамды егістік көлемі 59 163 гектар (30 333 гектар суармалы егістік, 28 830 гектар суарылмайтын егістік),  1 638 гектар көпжылдық екпелер, 9 452 гектар шабындық, 339 315 гектар жайылымдық  және 16 360 гектар бөгде жер учаскелері.

    Соңғы екі жыл көлемінде 2 844,17 гектар жер мемлекеттік жер қорына алынып, 5 589,20 гектар жер конкурс арқылы қайта айналымға қосылды.

    2018 жылы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі                           29 млрд 102,1 млн теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 107,8 пайызды құрады. Оның ішінде, өсімдік шаруашылығы бойынша өсім 7,6 пайызды, мал шаруашылығы бойынша 8,0 пайызды құрады.

    Себілген егіс көлемі – 54 657 гектар. Одан 9 022 тонна бидай, 16 580 тонна жаздық арпа, 11 931 тонна дәндік жүгері, 6 461 тонна майлы дақылдар, 33 962 тонна қант қызылшасы (оның 20,5 пайызы (6 970 тонна) қант зауытына өткізілді, қалғаны қалыпты кондицияға жетпеуіне байланысты мал азығы ретінде пайдаланылды),                    9 023 тонна картоп, 215 105 тонна көкөніс, 14 375 тонна бақша өнімдері жиналып, 134 200 тонна мал азығы дайындалды.

    2019 жылдың өніміне арналып 2 495 гектар алқапқа күздік бидай себіліп, 25 310 гектар сүдігер көтерілді. Көтерілген сүдігердің                             1 000 гектарына қант қызылшасын себу жоспарлануда. Бұл келешекте мол өнім алудың кепілі екендігі белгілі.

    Аудан бойынша 2018 жылы 1 094,7 гектар егіс алқаптары су үнемдеу технологиясымен суғарылды. Оның ішінде 230 гектарға жаңбырлатып, 864,7 гектарға тамшылатып суғару технологиясы енгізілген.

    Жаңбырлатып суғару арқылы «Кавунжиди» шаруа қожалығы                       10 гектарға қант қызылшасын егіп, әр гектардан 400 центнерден өнім алса, тамшылатып суғару арқылы «Қызылдихан» өндірістік кооперативі 50 гектарға қант қызылшасын егіп, әр гектардан 420 центнерден өнім алды. Кокөніс дақылдарына осы технологияны қолданып өсірген шаруашылықтар пияздың әр гектарынан 120 тоннаға дейін өнім алуға қол жеткізді. Бұл дегеніміз жаңа технологияларды қолдану, суды тиімді пайдалану арқылы мол өнім алуға болатынын көрсетеді.

    Елді мекендерде құрылған кооперативтерден Аса ауылындағы «Аса фермер» ауыл шаруашылығы кооперативі 416 бас бұқашықты                    3 000 басқа арналған «Бірлік» шаруа қожалығына өткізсе, Гродиково ауылындағы «Алтын белгі» ауыл шаруашылығы кооперативі арқылы               511 тонна сүт өткізілді.

    Аудандағы алма бақтарының жалпы көлемі 662,12 гектарды құраса, оның 246,6 гектары 2014 жылдан бері отырғызылған қарқынды алма бақтары.  2018 жылы бақтардан 3 310 тонна өнім жиналды.

    Ауданда көкөніс қоймаларына деген қажеттілік толық шешімін тапқан.

    Шаруалардың сұранысына орай Бектөбе ауылынан «Жаңа кемер құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі талапқа сай сыйымдылығы 2 000 тоннаны құрайтын жеміс-жидек сақтау қоймасын іске қосты. Жобаның жалпы құны – 705 млн теңге.

    Аудан бойынша 519,5 млн теңгеге 54 дана ауылшаруашылық техникалары сатып алынды. Оның ішінде, 79,1 млн теңгеге лизинг жүйесі арқылы 14 дана техника алынса, шаруа қожалықтардың жеке қаражаттары есебінен 440,3 млн теңгеге 40 дана техника сатып алынды.

    Ауданда ірі қара малының басы – 38 614, қой-ешкі – 197 149,  жылқы –         17 542, түйе – 62, үй құстары 377 700 басқа жетіп, шошқаның саны          1 643 басты құрады.

    2018 жылы 39 947,2 тонна сүт, тірі салмақта 8 871,1 тонна және сойыс салмақта 5 104,1 тонна ет, 63 451,6 мың дана жұмыртқа өндірілді.               2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда сүт 100,6 пайызға, ет 105,1 пайызға, жұмыртқа 2,3 есеге орындалды.

    Аудан көлемінде 6 370 басқа арналған 13 мал бордақылау алаңдары (мүйізді ірі қара – 5 390 бас, қой – 650 бас, жылқы – 330 бас) мен 14 тауарлы-сүт фермалары (мүйізді ірі қара – 2 230 бас, оның 1 731-і сиыр) жұмыс жасайды.

    2018 жылы 505,3 тонна ет экспортталды. Оның ішінде 282,5 тонна немесе 1000 бас бұқа еті және 27,7 тонна немесе 1850 бас қозы еті Өзбекстан мемлекетіне өткізілді.    Сонымен қатар, Меркі ет комбинаты (5 086 бас) мен  «Оңтүстік Халал тағамдары» ЖШС арқылы (6 749 бас) 195,1 тонна қозы еті экспортқа жіберілді. Жалпы ет экспорты бойынша жоспар 181,3 тоннаға артық орындалды.

    Есепті жылы ауыл шаруашылығы саласы бойынша 149 шаруашылық қаржы институттарынан 803,5 млн теңге несие қаражатын алып, 894 ірі қара малын, 7 883 бас ұсақ малын, 600 бас жылқы малын сатып алды.

    Ауданда ветеринариялық іс-шаралар бойынша эпизоотияға қарсы атқарылатын шаралар жоспарына сәйкес 101,7 млн теңге бөлініп, талапқа сәйкес жұмыстар ұйымдастырылып жүргізілді.

    Сарып (бруцеллез) ауруы анықталған малдар ветеринарлық талаптарға сай сойылып, қайта өңдеу цехтарына тапсырылды (мүйізді ірі қара – 39 бас,  ұсақ мал – 314 бас).

    Аса ауылдық округінен облыстық бюджет есебінен ауыл шаруашылығы малын ветеринарлық егу-емдеу жұмыстарына арналған арнайы алаң құрылысы салынса, 10 ауылдық округтен талапқа сай ветеринарлық пункттер іске қосылды (Аса, Гродиково, Жамбыл, Ерназар, Ақбастау, Қаратөбе, Қаракемер, Өрнек, Пионер, Тоғызтарау).

    2018 жылы 11 млрд 155,5 млн теңгеге өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, нақты индекс көлемі 101,0 пайызды құрады. Оның ішінде, негізгі кәсіпорындарды атап айтар болсам, «Амангелді газ өңдеу зауыты» ЖШС 7 млрд 691,6 млн теңгеге 134,2 мың тонна мұнай өнімдерін өңдесе, «КнауфГипсТараз» ЖШС 1 млрд 300,3 млн теңгеге 624,2 мың тонна гипс тасын өндірді, «БиномСтройДеталь» ЖШС 328,9 млн теңгеге 32,1 мың тонна темірбетон бұйымдарын, «СуперФарм» ЖШС 1 млрд 187,6 млн теңгеге 11 770 мың дана матадан жасалмайтын медициналық бұйымдар шығарды. Ал, «КазУпакТрейд» ЖШС 103,8 млн теңгеге 10,3 мың тонна гипс өнімдерін өңдеді.

    Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың  2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы аясында  Айшабибі ауылынан «СуперФарм» ЖШС «Бір реттік медициналық бұйымдар шығаратын зауыттың көлемін кеңейту» құрылысын іске асыруда. Жоба құны шамамен 3,5 млрд теңге, қосымша бөлінген жер көлемі 1,5 гектар. Жоба іске қосылғанда 250 адам жұмыспен қамтылатын болады. Қазіргі таңда жобаны іске қосып көру жұмыстары жүргізілуде.

    2018 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында жалпы көлемі 8 млрд 094,3 млн теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, нақты көлем индексі 151,6 пайызды құрады.

    2018 жылы бюджет қаражаттары есебінен 1 млрд 823,9 млн теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізілді, атап айтқанда:

    – Аса ауылындағы «Бәйтерек» тұрғын үй алқабында үш қабатты тұрғын үйдің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту және абаттандыруға облыстық бюджеттен бөлінген 91,0 млн теңгеге  құрылыс жұмыстары жүргізілді;

    – Жалпақтөбе ауылындағы балабақша қазандығын газбен жабдықтауға облыстық бюджеттен 34,2 млн теңге бөлініп, толық игерілді;

    – Бірлесу-Еңбек ауылындағы 140 орындық мектеп құрылысына облыстық бюджеттен 250 млн теңге бөлініп, жоспарланған құрылыс жұмыстары аяқталды;

    – Пригородное ауылының ауызсумен қамтамасыз ету жүйесін қалпына келтіру үшін республикалық бюджеттен бөлінген 1 млрд 280,2 млн теңге толық игеріліп, нысан пайдалануға берілді;

    – Тоғызтарау ауылын ауызсумен қамтамасыз ету жүйелерінің құрылысына 141,3 млн теңге бөлініп, нысан пайдалануға берілді;

    – Аса ауылынан ауыл шаруашылығы малын ветеринарлық егу-емдеу жұмыстарына арналған арнайы алаң құрылысын салуға облыстық бюджеттен  бөлінген 27,2 млн теңге толық игерілді;

    Аса ауылы Бәйтерек тұрғын үй алқабына аудандық бюджет қаржысы есебінен 145,1 млн теңгеге 3 қабатты 18 пәтерлі тұрғын үй салынды.

    2019 жылы Түрксіб ауылынан 300 орындық мектеп құрылысын салуға 555,5 млн теңге қаржы бөлінсе, Бірлесу-Еңбек ауылындағы 100 орындық мектеп құрылысын аяқтағанға 363,4 млн теңге бөлінді.

    2018 жылы негізгі капиталға салынған инвестицияның жалпы көлемі  24 млрд 777,8 млн теңгені құрап, 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 127,1 пайызға жетті. Жан басына шаққанда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 299 022 теңгені құрады.

    2018 жылы бөлшек сауда тауар айналымы 5 млрд 722 млн теңгені құрап, нақты көлем индексі 196,7 пайызды құрады.

    Сонымен қатар, көтерме сауда айналымының көлемі 15 млрд   900,5 млн теңгені құрап, нақты көлем индексі 10,5 пайызды құрады.

    Орташа айлық жалақы көлемі 117 015 теңгеге жетіп, 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 125 пайызды құрады.

    2018 жылдың қаңтар-желтоқсан айыларында жалпы алаңы                52 832 шаршы метрді құрайтын 426 жеке меншік тұрғын үй қабылданды, бұл 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 130,3 пайызға орындалды.

    Аудан бойынша салықтық түсімдердің орындалуы 110,7%-ды құрады (жоспар 3902,5 млн. теңге; нақты 4 320,1  млн. теңге). Оның ішінде, аудандық бюджет 310,4 млн. теңгеге немесе 10,5 пайызға артық орындалды (жоспар 2 млрд. 933,1 млн. теңге; нақты 3 млрд. 243,5 млн. теңге).

    2018 жылдың қаңтар-желтоқсанында аудан бюджеті толығымен  100%-ға игерілді (жоспар   13 388,7 млн. теңге; нақты 13 388,6 млн. теңге).

    Өткен жылы аудан бюджеті 100 пайызға игерілді (жоспар 13 388,7 млн теңге; нақты 13 388,6 млн теңге).

    2018 жылы ауданда тіркелген 4 918 кәсіпкерлік нысандарда 7 456 адам жұмыспен қамтылды. Барлық шағын кәсіпкерлік саласы бойынша есепті кезеңде 32 млрд 594,1 млн теңгенің өнімі өндірілген.

    Өткен жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 100,1 млн теңгеге 7 жобаның құжаттары аймақтық үйлестіру кеңесінде қаралуда. Жоба іске асырылған жағдайда 35 адам жұмыспен қамтылатын болады.

    Аудан бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы                         752,7 шақырымды құрайды. Атап айтқанда, республикалық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 108 шақырым, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 85,7 шақырым, аудандық маңызы бар жолдардың жалпы саны – 35, ұзындығы 163 шақырым. Ал, елді мекендердегі көшелер саны – 475, ұзындығы 396 шақырым. Оның                  157 шақырымы асфальтті, 239 шақырымы шағалды төсем.

    2018 жылы аудандағы автомобиль жолдарын жөндеуге және ұстауға 652,2 млн теңге бөлінді. Оның ішінде, аудан бойынша автомобиль жолдарын ұстауға 38,1 млн теңге және аудандық мәндегі автомобиль жолдарын жөндеуге бөлінген 411 млн теңгеге 9 жол орташа жөндеуден өткізілді (Бесжылдық ауылына кіреберіс, Бірлесу-Еңбек – Гипсовый – Казфосфат, Өрнек-Тоғызтарау-Жаңаөткел, Ерназар-Қойгелді, Құмтиын-Өрнек-Ерназар, Танта ауылына кіреберіс, Қоңыртөбе ауылына кіреберіс, Әулиебастау туристік қалашығына кіреберіс, Гродиково-Үшқорған жолдары). Ал, ауылішілік жолдарды жөндеуге 203,1 млн теңге бөлініп, бұл қаражатқа 19 ауылдың 36 көшесі жөндеуден өтті.

    Елді мекендердегі көшелерді жарықтандыруға, атап айтқанда, электр желісінің және трансформаторлардың техникалық қызметі мен  тұтынылған электр энергиясы үшін коммуналдық ақы төлеуге 76 млн 905 мың теңге бөлініп, игерілді. Бұдан бөлек, аудандық бюджет есебінен 8 ауылдық округке 12 дана трансформатор 20,3 млн теңгеге сатып алынды.

    Аудандағы 42 елді мекеннің 19-да орталықтандырылған ауызсу жүйесі бар немесе ол жалпы ауызсумен қамтылғандардың 45,2 пайызын құрайды.

    Атап айтар болсақ, есепті жылы Пригородное және Тоғызтарау елді мекендерінің ауызсумен қамтамасыз ету жүйесін қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Ал, Шайқорық, Танта, Қоңыртөбе, Қапал елді мекендері мен Шайқорық стансасын ауызсумен қамту бойынша құрылыс жұмыстары басталды. Аталған жобаны қаржыландыру Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары комитеті арқылы жүргізіледі. Құрылыс жұмыстарын 2019 жылдың соңында аяқтау жоспарлануда.

    Бәйтерек, Қаратау елді мекендерінің және Аса, Бесжылдық ауылдарының жаңа тұрғын алқаптарын ауызсумен қамтамасыз ету құрылысы жобаларының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге және кешенді сараптамадан өткізуге облыстық бюджеттен 19 980 мың теңге бөлінді.

    2019 жылы Ақбұлым, Қызылқайнар, Жасөркен, Бесағаш, Түрксіб, Қаракемер, Бектөбе, Қызылшарық, Айшабибі, Бірлесу-Еңбек елді мекендерін сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамытуға әзірленген жобалық-сметалық құжаттарын кешенді сараптамадан өткізуге аудандық бюджеттен 14 066 мың теңге қаржы қаралып отыр.

    Аудан бойынша 42 елді мекеннің 24-і немесе 57,1 пайызы газбен қамтылған. 2019 жылы 13 елді мекеннің 5-не газ құбыры магистралін салуға (Рахат, Еңбек, Тастөбе, Ащыбұлақ, Қаракемер) республикалық және облыстық бюджеттен 333,3 млн теңге қаржы бөлінді. Аталған 5 елді мекеннің ауылішілік газ тарату желісі құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу және кешенді сараптамадан өткізуге облыстық бюджеттен 40,5 млн теңге бөлінді.

    «Өңірлерді дамыту» бағдарламасының жергілікті өзін-өзі басқаруды қаржылық қолдау бағытын іске асыру аясында 2018 жылы жалпы сомасы 72 млн 592 мың теңгеге 17 ауылдық округте 19 жоба іске асырылды. Оның ішінде 5 ауылішілік көше жолдары жөнделіп, 2 көшенің тротуарларын жөндеу, 2 көшені жарықтандыру, 5 білім беру нысандары  (3 мектеп, 2 балабақша) және 1 ауылдық клуб ғимаратына ағымды жөндеу жұмыстары, 1 шағын футбол алаңының қоршауын жөндеу, 2 ҰОС ескерткішін жөндеу және 1 ауылды абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

    Ал, 2019 жылы осы бағдарлама шеңберінде жалпы сомасы 72 млн 887 мың теңгеге 21 жоба іске асырылады. Бұл қаржыға Аса, Ақбастау, Жамбыл, Қызылқайнар, Қаратөбе, Қаракемер ауылдық округтерінде түрлі спорт алаңдарын салу, Гродиково ауылында Ақжол көшесінің жаяу жүргіншілер жолын жөндеу, Ащыбұлақ ауылындағы «Белгісіз солдат» ескерткішін жөндеу, Ақбұлым ауылында Жібек жолы көшесін жарықтандыру, Пригородное ауылындағы Келдіғұлұлы көшесін жарықтандыру үшін трансформатор орнату және Айшабибі ауылының Рысқұлов көшесін, Бесағаш ауылының Абай көшесін, Пригородное ауылының Бекназаров көшесінің 1 және 2-бұрылыстарын, Тастөбе ауылының Мыхаев көшесін, Өрнек ауылының С.Мұқанов, М.Нарқұлов көшелерін және Жалпақтөбе ауылының Ванахун көшесі жөндеуден өткізілетін болады.

    Жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызға жетті (2017 жылы – 4,5 пайыз). Күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасы халықтың орта есеппен жан басына шаққанда 23 296 теңгені құрады.

    2018 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында кешенді жоспар бойынша 3 028 адам жұмыспен қамтылып, жоспар 296 адамға немесе 10,8 пайызға артық орындалды. Оның ішінде, қысқа мерзімді кәсіптік оқуға – 364, техникалық және кәсіптік білім алуға – 63, кәсіпкерлік негіздерін оқытуға 1-2-3 кезең бойынша – 211, грантқа 3 адам жолданса, 133 азаматқа шағын несие берілді және 1 467 адам тұрақты жұмысқа, 82 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 351 адам жастар тәжірибесі бойынша, 354 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды.

    Жұмыспен қамту бөліміне 2 643 адам жұмысқа орналасуға өтініш білдіріп, оның 2 254-і жұмыспен қамтылды немесе қамтылу деңгейі 85,3 пайызды құрады.

    Есепті жылы 1 580 отбасының 7 964 мүшесіне 268 млн 127,5 мың теңге мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 228 млн 626 мың теңге төленді, 721 отбасының 4 208 мүшесіне 16 402 мың теңге тұрғын үй жәрдемақысы  тағайындалып, толық төленді, 191 отбасындағы 197 үйден оқытылатын мүгедек балаларға 5 млн 274 мың теңге жәрдемақы толық төленді. Жергілікті өкілетті органдардың шешімі бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген топтарына бір реттік әлеуметтік көмекке жүгінген 654 адамға 17 млн 702 мың теңге тағайындалып, толық төленді.

    «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында 1 335 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, 1 498 адам жұмыспен қамтылып, жоспар 12,2 пайызға артық орындалды.

    Денсаулық сақтау саласында 35 мекеме мен ұйымдар халыққа қызмет көрсетеді. Онда барлығы 111 дәрігер мен 484 орта буындағы медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Есепті жылы 1 000 адамға шаққанда туу көрсеткіші 23,23 промильді құраса, 1 000 адамға шаққанда өлім көрсеткіші 5,54 промильді құрады.

    2018 жылы ауданда ана өлімі орын алған жоқ, ал 1 жасқа дейінгі сәбилер өлімі 6,7 промильді құрап, нәресте өлімі бойынша 12 жағдай орын алған. Оның ішінде, 7 жағдай облыстық перинаталдық орталықта, 1 жағдай облыстық балалар ауруханасында, 1 жағдай ғылыми клиникалық кардиохирургия орталығында және 3 жағдай аудандық орталық ауруханада тіркелген.

    Есепті жылы 31 адамнан туберкулез ауруы анықталды. 100 мың адамға шаққанда туберкулезбен ауырғандар көрсеткішінің коэффициенті 37,6 промильді құрады.

    2018 жылы аудандағы 6 елді мекеннен (Ақбұлым, Гродиково, Бесағаш, Түрксіб, Ерназар, Пригородное) мемлекеттік жекешелік әріптестік шеңберінде медициналық пункттер ашылды. Ал, Бектөбе ауылынан құрылысы облыстық бюджет қаржысы есебінен жүргізіліп, 15 келушіге арналған медициналық пункт пайдалануға берілді.

    Аудандағы жалпы 37 білім беру ұйымдарының (26 орта,                     10 бастауыш, 1 негізгі мектеп) 872 сынып комплектісінде 15 767 балаға 1 899 ұстаз білім беруде. Сонымен қатар, мектепалды дайындық бойынша 89 сынып комплектісінде 1 484 бала білім алуда.

    Компьютерлік техникамен қамтамасыз ету деңгейі 1 компьютерге орташа есеппен 8 оқушыны құрайды. Жалпы ауданның барлық мектептері интернет желісіне қосылған. Оның ішінде 25 мектепте 60 химия, физика, биология кабинеттері бар, 22 мектептің 30 кабинеті лингофон және мультимедиялық құралдармен жабдықталған, 32 мектепте 110 интерактивтік тақта бар. Барлық мектепке бейнебақылау орнатылған.

    Білім саласы жалпы 147 млн 051 мың теңгеге сандық білім беру инфрақұрылымын құру мақсатында оқу үрдісіне қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Оның ішінде, интерактивті тақта (проектор, компьютер) алуға 19  млн 840 мың теңге, жаңа модификациялы кабинеттермен қамтуға 26 млн 024 мың теңге (химия – 2, физика – 1, биология – 1), компьютерлік паркті жаңартуға 45 млн 410 мың теңге, мектептерге алғашқы әскери дайындық жиһаздарын  алуға 1 млн 118 мың теңге. 

    2018 жылға «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында 319,1 млн теңгеге 3 орта мектеп күрделі жөндеуден өткізілді. Атап айтқанда, Бесбаев атындағы мектеп-лицейіне 90,0 млн теңге, Әйтиев атындағы орта мектепке 103,7 млн теңге, Гродеково орта мектебіне 125,3 млн теңге бөлінді.  

    Сондай-ақ, аудандық бюджеттен ағымды жөндеу жұмыстарына бөлінген 64 млн 276 мың теңгеге 8 орта мектеп – Қ.Сартбаев атындағы орта мектептің шатыры мен ғимараты, Гродеково орта мектебінің жылу құбыры, Еңбек орта мектебінің жылу қазандығы мен ғимаратының шатыры және жылу қазандығы, Б.Кейкиев атындағы орта мектептің жылу құбыры, Төле би атындағы орта мектептің терезелері, Ильич орта мектебінің трансформатор және әжетханасы, Т.Тоқтаров атындағы орта мектептің әжетханасы, Б.Тайшапұлы атындағы орта мектептің жылу қазандығы мен ғимараты және «Жәнібек» балабақшасының шатыры жөндеуден өткізілді.

    Оқу жылында аудан көлемінде 21 елді мекеннен 12 мектепке                   997 оқушы тасымалданып оқытылуда. Балаларды мектепке тасымалдауды сапалы ұйымдастыру үшін 6 ауылдық округке                        (Аса, Айшабибі, Бесағаш, Көлқайнар, Қарасу, Өрнек) 60 млн 172 мың теңгеге автобус сатып алынды.

    Жалпыға бірдей міндетті орта білім қорының шығындарына 182,3 млн теңге бөлініп, игерілді. Оның ішінде аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан 1 300 оқушыны тамақтандыруға 94,7 млн теңге және 1-сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтуға 60,5 млн теңге бөлінді.

    2017-2018 оқу жылына 638 мектеп бітірушінің 401-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, нәтижесінде орташа балл 99,1 пайызды құрап, өткен оқу жылымен салыстырғанда 19,7 балға өсті, және 10 оқушы «Алтын белгі», 7 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды.

    Ал, 2018-2019 оқу жылына 607 мектеп бітірушінің 463-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш білдіріп отыр.

    Аудандағы мектепке дейінгі білім беретін 22 балабақшада                  (2 698 бала) және 20 мектеп базасындағы шағын орталықтарда (1 025 бала) барлығы 3 723 бүлдіршін тәрбиеленуде. Ауданда 1 мен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 86,7 пайызды, 3 пен 6 жас аралығындағы тәрбиемен қамту көрсеткіші 99,1 пайызды құрады.

    Есепті жылы 425 орындық 4 жекеменшік балабақша ашылды (Гродиково ауылдық округіндегі «Нұр-мерей» 132 орындық, Ақбұлым ауылдық округіндегі «Зерде» 50 орындық, Аса ауылдық округіндегі «Ертегі» 75 орындық, Қызылқайнар ауылдық округіндегі «Мөлдір» 150 орындық).

    Ауданға қарасты мәдениет ошақтарында 651 мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізіліп, оған 90 000 адам қатысты.

    Айшабибі ауылдық Мәдениет үйі 4 млн 300 мың теңгеге ағымды жөндеуден өткізілді.

    Аудандағы кітап қоры 210 мың 844 дананы құрайды. Оның ішінде, мемлекеттік тілдегісі 130 мың 321 дана немесе 61,8 пайыз. 2018 жылы кітап қорын ұлғайту үшін 1,2 млн теңге бөлінді.

    Аудандағы 153 спорт нысандарында 24 085 адам немесе аудан тұрғындарының 29,0 пайызы спортпен тұрақты айналысады. Аудандағы 7 мен 18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтырумен және спортпен айналысатындардың үлесі 11,5 пайызды құрайды.

    Аса және Түрксіб ауылдарындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 1 488 бала спорттың 18 түрімен жаттығып машықтануда.

    Аудандағы жастар саны 19 485 адамға жетіп, жалпы халық санының 23,7 пайызын құрап отыр.

    Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған жастар саны бойынша жылдық жоспарланған 1173 адамның, жыл қорытындысымен           1 234 адам қамтылып, жоспар 103,0 пайызға орындалды.

    Есепті жылы жасөспірімдер мен жастардың бос уақытын тиімді өткізу бағытында 823 іс-шара өткізілді.

    Жалпы, ауданымызда саяси ахуал тұрақты. Ел бірлігі, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты нығайтуда белсенді позиция көрсетіп жүрген ардагерлерімізге, этно-мәдени бірлестіктерге, үкіметтік емес ұйымдарының жетекшілеріне, саяси партия өкілдеріне алғысымды білдіремін.

    Жастар ауданымыздың қоғамдық-саяси, мәдени өміріне белсене қатысып, өз үлестерін қосуда.

    Өткен жылы аудан көлемінде жалпы 443 қылмыстық іс тіркеліп, 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 23,1 пайызға төмендеген. Оның ішінде 21 ауыр және аса ауыр қылмыстық іс тіркеліп, 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 66,7 пайызға азайып отыр.

    Сондай-ақ, көшеде жасалған қылмыстар саны 32-ге жетіп,                     2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 28,9 пайызға азайған. Қылмыстық істердің жалпы санындағы көшеде жасалған қылмыстардың үлесі 7,2 пайызды құрайды.

    Ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің мәліметіне сәйкес, 2018 жылдың 12 айында аудан көлемінде 106 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 12 адам қаза тауып, 64 адам әртүрлі дене жарақатын алған. 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларының саны 17,8 пайызға, дене жарақатын алғандар саны 36,4 пайызға, қаза тапқандар саны 17,8 пайызға төмендеп отыр.

    Қадірлі көпшілік!

    Бүгін мен 2018 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жүзеге асырылатын ірі жобалар туралы баяндадым.

    Алдымызда ауқымды міндеттер тұр.

    2018 жылы жергілікті атқарушы органдар «Қазақстан-2050» Стратегиясында, Ұлт жоспары мен Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында қойған міндеттерді шешуге барлық күш-жігерін жұмсайтын болады.

    Әрқашанда бірлігіміз бекем, тірлігіміз көркем болсын, ағайын!

    Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көрегендігімен Қазақ елін әлемнің үздік отыздығына енгізу жолында аянбай еңбек ете берейік!

    Баршаңызға рахмет!

    © 2015 Информационный портал аппарата акима Жамбылского района