100%200%
Жамбыл ауданы әкімі аппаратының
ақпараттық порталы

    Жамбыл ауданының әкімі Б.Қазанбасовтың 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтауы

    Құрметті аудан жұртшылығы!

    Қадірменді көпшілік!

    Бүгін бірлік пен береке мейрамы. Сіздерді және сіздер арқылы барша аудан жұртшылығын Қазақстан халықтары бірлігі күнімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер!

    Кемеңгер халқымыз: «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» – дегендей, ынтымақ бар жерде ырыстың да болары анық. Ел бірлігі – ең асыл қасиет. Бірлік, ынтымақ, сабырлық пен парасаттылық, ең алдымен өзімізге қажет. Ынтымақ – достықтың дәнекері, жарасымның кепілі.

    Соның дәлеліндей бүгінде ауданымызда 30 жуық этнос өкілдері бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай тату-тәтті өмір сүріп, иық тіресе еңбек етуде.

    Сан ғасырлардан бері қазақтың кең даласына көптеген ұлттар мен ұлыстардың ұрпақтары келіп орнығып, бір – бірімен тамыр, дос болып, ынтымақта өмір сүріп келе жатыр. Дархан көңілді, кең пейілді қазақ халқы оларға құшағын ашты. Ата – бабамыздың осы үлгісі, өзге халықтардың баласын дініне, тіліне, түріне, ұлтына қарамай, бауырға басқан төзімшіл, толерантты мінез – құлқы бізге мұра болып қалды. Бұл – біздің тарихи қасиетіміз, өсіп, өркендеуіміздің басты негізі.

    Қазақстан – көпұлтты мемлекет болғанымен, ішкі қауіпсіздігіне, ұлтаралық татулығына сызат түспеген ел.

    Бүгінде әрбір ұлтқа салт – дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне қамқорлық көрсетілуде.

    Өзара түсіністік, ұстамдылық, әр түрлі ұлттар өкілдерінің рухани және мәдени құндылықтарына құрметпен қарау әдебі, барлық этностарға ортақ жалпы халықтық идеалдар мен қасиеттерді қалыптастыруға әсер етуде.

    Құрметті  көпшілік!

    Бірлігі бекем ұлтттың алар асуы, шығар шыңы биік болатыны  сөзсіз. Ендеше уыздай ұйыған ортақ Отанымызда атырған әрбір бейбіт күніміздің қадіріне жетіп, бақытты да баянды ғұмыр кешейік.! Баршаңызды Бірлік мерекесімен тағы да құттықтай отырып, әр отбасына есендік, денсаулық, ынтымақ, бірлік пен құт-береке, рухани байлық  пен даналық тілегім келеді.

    Тыныштығы сақталып, ынтымағы жарасқан еліміздің еңсесі биік, мерейі үстем болсын!

     

    © 2015 Информационный портал аппарата акима Жамбылского района