100%200%
Жамбыл ауданы әкімі аппаратының
ақпараттық порталы

    Аудан әкімі Б.Қазанбасовтың 30 тамыз ҚР Конституция күніне құттықтауы.

    Құрметті аудан жұртшылығы!

    Сіздерді мемлекетіміздің, халқымыздың ең ұлық мерекелерінің бірі – Қазақстан Республикасы Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын.

    «Көптің сөзі-киелі» дейді дана халқымыз. Ел-жұрттың талқысынан өтіп, таңдауына айналған Басты құжатымыздың авторы – бүкіл Қазақстан халқы.

    Ғасырлар тоғысында әлемдік өркениеттің шыңына ұмтылған Қазақстан халқы тарихи да тағдырлы шешім қабылдап, жасампаз жаңа дәуірге қадам басты. Ата Заң біздің бүкіл жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды.

    Конституцияны басшылыққа ала отырып, біз тәуелсіздігіміз бен мемлекеттігімізді нығайту жолында ғасырлық мәні бар ауқымды істер атқардық.

    Біз аз уақытта айбары асқан қуатты ұлтқа, дәулеті тасыған әлеуетті елге айналдық.

    Ортақ шаңырағымыздың шекарасын шегелеп, іргемізді мызғымастай етіп бекіттік. Тағдыр тоғыстырған, тарих табыстырған түрлі ұлт өкілдері Конституция қағидаттары төңірегіне топтасты. Еуразияның жүрегіне орналасқан Елордамыз әлемге руханияттың ірі орталығы, саясаттың іргелі ордасы ретінде танылды.

    Әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан Қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнеге. Мұның өзі біздің Ата Заңымызда бүкіл адамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің барлығы қамтылғанын айғақтайды.

    Қазақстан жерінде тұратын барлық азаматтардың теңдігі – біздің Отанымыздың табысты дамуы мен өркендеуінің басты кепілі.

    Конституция – еліміздегі барлық қабылданған заңдардың негізі болып табылады.

    1995 жылғы 30 тамыздағы бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституция елдегі қоғамдық-саяси құрылысты түбегейлі өзгертті. Жаңа Конституция Азия елдеріне тән қасиеттерді есепке ала отырып, еуропалық дәстүрлерді, батыс демократиясының үлгісін де біріктірді.

    Біздің Конституция әлемдік қоғамдастықпен нарық экономикасын, азаматтық қоғамның барлық институттарын бекіту арқылы ел дамуының демократиялық жолын қамтамасыз ететін құжат ретінде бағаланды.

    Құрметті аудан тұрғындары!

    Баршаңызды осы айтулы мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық, бейбіт өмір, отбасыларыңызға ырыс пен ынтымақ, бақ-береке тілеймін!.

     

     

     

    © 2015 Информационный портал аппарата акима Жамбылского района