100%200%
Жамбыл ауданы әкімі аппаратының
ақпараттық порталы

    Аудан әкімі – іс басында

    Халық қажетін өтеу — ортақ міндет

    Апта аралығында аудан әкімі Сәкен Арубаев жаңа құрылыс нысандарының жай-күйін тағы бір қарап шықты. Өңір басшысы бастаған топ – аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Қайрат Тілеубаев, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Ербол Жайлаубеков мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында жүзеге асырылып жатқан Аса ауылындағы әмбебап залы бар спорт-сауықтыру кешенінің, Қаракемер ауылындағы 90 келушіге арналған клубтың құрылысымен, Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясы жанындағы техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығының, Өрнек ауылындағы Жамбыл, Ә.Молдағұлова, Е.Саухатов, Ә.Кемелбай көшелерінің жөндеу жұмыстарымен етене танысты.

    Бүгінгі таңда нысан құрылыстарының аяқталу мерзімі таяп қалғанын ескерген аудан басшысының ғимараттардың ішкі-сыртқы көріністеріне көңілі толмады. Сол себепті ол кемшіліктер бойынша жедел әрекет ету керектігін айтты.

    – Біз халық игілігіне берілетін құрылыстарға немқұрайлы қарамауымыз қажет. Әр істің өз маманы бар дегендей, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру бағытындағы жұмыстардың аяқ алысы тек ауыл әкімінің ғана бақылауында емес, құрылысқа жауапты бөлімдерге де жүктеледі. Байқап отырсыздар, зерделеу жұмыстарының нәтижесінде олқылықтардың орын алып жатқаны анықталуда. Спорт кешенінің сыртқы жабындысы біркелкі емес. Балаларға арналған шығармашылық орталықтың сапасыз сырланғанын, ішкі еденнің тегіс еместігін, суағардың көзге оғаш көрініп тұрғанын, жылыту жүйелерінің тиянақсыз екенін аңғардық. Аталған кемшіліктерді жою үшін сапаға көңіл бөліп, жұмысты жандандыру қажет, – деді Сәкен Қаланұлы.

    Мұнан соң «Асарлатып үй салу» жобасының жүзеге асырылуы бойынша ауданымызда атқарылып жатқан игілікті бастамаларды назарға алған аудан әкімі Сәкен Арубаев Қаракемер, Өрнек, Ерназар ауылдық округтеріне барып, ата-бабаларымыздың бағзы заманнан ұстанған салт-дәстүрінің ұмыт болмағанын көріп, тонның ішкі бауындай ұйымдаса білген тұрғындарға ризашылығын жеткізді.

    – Байзақ ауданының әкімдігі ұсынып, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қолдаған бұл жоба жұртшылықты ауызбіршілікке, мейірімділікке бастайтыны сөзсіз. Бұл тұрғыда ауыл ақсақалдары ілкімді, қолы ашық азаматтарды жинап, ақылдасып, тұрмысы төмен отбасыны өзара анықтап, жұмыстарды үйлестіріп жатқанын ауыл әкімдерінен естіп, риза болған едім. Ерназарлық тұрғындардың әрекеті, Қаракемерлік жастардың ұйымшылдығы өзге ауылдарға үлгі болсын. Жас бұтақ сумен көгерсе, жас буын осындай сауапты істермен, қариялардың бата-тілегімен биік белестерді бағындырады, – деген Сәкен Қаланұлы асарлатып жүрген жастармен емен-жарқын әңгімелесті.

    Нысандарды аралау кезінде округ әкімдері аудан басшысымен бірге жүрді.

    © 2015 Информационный портал аппарата акима Жамбылского района